Қазақ елінде киік еті неге ерекше бағаланған
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Киік еті – ежелден аңызға айналған, сирек әрі ерекше пайдалы тағам. Бұл табиғи байлыққа Ұлытау өңірінде ерекше жауапкершілікпен қарайды: жануар санын реттеу жұмыстарынан бастап, заңды айналымға түскен әрбір тұтас еттің шығу тегі мұқият бақыланады.
Қазақ даласында киік – қасиетті жануар. Жүйріктігімен, еркін болмысымен және тазалығымен ол ежелден халқымыздың киелі жануарларының бірі болып саналған. Ал бүгінде оның мәдени және экологиялық маңызымен қатар, тағы бір ерекше қыры бар: киік еті – диеталық әрі экологиялық таза өнім, үй жануарлары етінің ешқайсысына ұқсамайтын сирек тағамдық құндылығымен бағалы.
Нәзік, жеңіл әрі табиғи ет
Киік еті – жай ғана аң еті емес. Аңшылар мен диетологтардың айтуынша, ол өте нәзік, жеңіл қорытылады және сәл тәтті дәмімен ерекшеленеді.
— Киік еті дәмі жағынан қоян не тауық етіне ұқсайды. Қой немесе сиыр еті секілді майлы емес, негізінен қара кесек еттері көбірек. Тіпті семіз жануардың өзінде майы тек тері астында жұқа қабат түрінде жиналып, бұлшық етке өтпейді. Сондықтан еті жеңіл, жұмсақ әрі ағзаға пайдалы, — дейді 40 жылдық тәжірибесі бар аңшы Арман Ризабаев.
Оның айтуынша, еттің осындай жеңілдігі киіктің қорегіне тікелей байланысты. Бұл жануарлар тек жас, дәруменге бай өсімдіктердің ұштарын жейді, ал түйе секілді шөлге бейім жануарлар көбіне өсімдіктердің тамырымен де қоректене береді.
Диетолог-нутрициолог Анастасия Полаева да бұл пікірмен келіседі.
— Киік еті – экологиялық таза ақуыз көзі. Бұл жануарлар табиғи ортада өмір сүреді, ешқандай гормондық қоспа не антибиотик қабылдамайды. Сондықтан мұндай ет қазақстандықтардың тағамдық дәстүрі мен климаттық ерекшелігіне сай келіп үйреншікті болғандықтан жақсы қортылады, — дейді маман.
Кеңес дәуірінде киік еті Еуропаға экспортталып, әскери гарнизондарға салқындатылған күйінде жеткізілген. Ол құнарлылығы мен сақталу мерзімі ұзақ болғандықтан жоғары бағаланған.
Киік еті неге ерекше бақылауда?
Киік аулау және етін өткізу ісі елімізде заңмен қатаң реттеледі. Ұлытау облысында аңшылық тек мемлекет деңгейінде жүргізілетін популяция санын реттеу мақсатында ғана рұқсат етіледі.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы киік етін заңсыз сату дерегі тіркелмеген, бірақ бес рет браконьерлік заң бұзу дерегі анықталған.
Көп жағдайда заңбұзушылықтар етті автокөлікпен тасымалдау кезінде орын алады, ал сауда орындарында мұндай жағдайлар кездеспеген.
— Киікті заңсыз ату, сақтау, сату немесе тасымалдау ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша қылмыс болып саналады. Мұндай әрекетке ірі айыппұл мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деп хабарлады облыстық ветеринариялық инспекция өкілдері.
Қазіргі таңда Ұлытау облысында киік етін заңды түрде қабылдап, өңдеумен Жезқазған қаласының Аварийный кентіндегі «Күлжанов Д.» шаруа қожалығы айналысады.
Мемлекеттік рұқсат аясында алынған барлық тұтас ет осы жерге жеткізіледі. Ал тұтынушылар мұндай өнімді сатып алғанда, оның заңды шығу тегін растайтын құжатты талап етуге құқылы.
Киік мүйізінің құпиясы мен емдік қасиеті туралы аңыз
Киік етінің диеталық қасиетіне қарамастан, браконьерлердің басты нысанасы – оның мүйізі. Қытай мен Шығыс Азия елдерінде киік мүйізінен қымбат дәрілік препараттар дайындалады.
— Егер аңшыларға еркіндік берілсе, — дейді Арман Ризабаев, — олар бұл жануарды тек мүйізі үшін атып, етін тастап кетеді. Сондықтан киік атуды мемлекет өз бақылауында ұстауы керек. Әйтпесе, киікті аяусыз қырып-жоюға алып келеді.
Аңшының айтуынша, киіктің мүйізін кесіп алса, жануар өліп қалуы әбден мүмкін. Себебі оның мүйізінің ұшына дейін қан тамырлары өтеді. Сондықтан екі мүйізін бірдей кесіп алса, жануар қансырап өледі.
Популяцияға төнген қауіп пен қорғау шаралары
Соңғы жылдары Қазақстанда киік саны едәуір артқанымен, ғалымдар жаңа экологиялық қатерлерге назар аударып отыр.
Ұлытау өңіріндегі миграциялық жолдардың басым бөлігі теміржол желілері мен шаруа қожалықтарының қоршауларымен қиылысып, жануарлар үйірінің қыстауға дер кезінде көшуіне кедергі келтіреді.
Өткен қыс ерекше ауыр болды: қалың қар мен көші-қон бағыттарының бұзылуы салдарынан көптеген киіктер оңтүстікке жете алмай, суық пен аштықтан қырылды.
Қазір билік пен ғалымдар мұндай жағдайдың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауда. Киік саны тұрақты мониторингте, экологиялық дәліздер мен табиғи көшу бағыттарын сақтау бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
Дала инспекторлары мен ғылыми ұйымдар киіктердің қозғалысын дрон және спутник арқылы бақылап отырады.
Бүгінгі таңда Қазақстан киік популяциясын сақтау мен оны ұтымды пайдаланудың тепе-теңдігін табуға ұмтылуда. Киік еті – жай ғана тағам емес, ол еліміздің экологиялық және мәдени саясатындағы маңызды тақырыптардың бірі.
Айта кетейік, Батыс Қазақстанда ауланған киік саны 85 мыңға жуықтады.