Бүгін қазақ күресінен басталған жарыс аясында Қытайда туып-өскен қандасымыз Ерасыл Шәйкенұлы есімді балуаннан шағын сұхбат алудың сәті түсті.
- Ерасыл, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз.
- Аты-жөнім Ерасыл Шәйкенұлы. Қытайдың Қазақстанмен шекералас Тарбағатай қаласында дүниеге келдім. Міне, бүгін сәті түсіп, Қазақ еліне келіп, осында алғаш рет өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып жатырмын. 74 келі салмақта сынға түсіп жатырмын.
- Бірінші рет келіп тұрсыз ба?
- Иә, бірінші келуім.
- Қазақ елі қалай екен? Несімен қызықтырып жатыр?
- Өте керемет! Астана қандай көркем, қандай таза қала. Көшпенділер ойынын да өте жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқаны таңғалдырды. Осындай, қазақ елінде өтіп жатқан дүниежүзілік додада бақ сынап жатқанымды мақтан тұтамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе.
- Қытай құрамасынан қанша балуан келдіңіздер?
- Қазақ күресі мен белбеу күресіне қатысуға жалпы 9 балуан келдік. Қазақ күресінен бірінші белдесуімді сәтті бастап едім, өкінішке қарай, екінші белдесуімде қарсыласыма жол беріп қойдым. Енді алдағы уақытта белбеу күресінен тағы да сынға түсетін боламын.
- Қытайда осы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына іріктеу қалай өтті? Қандай жетістігіңіздің арқасында құрамаға ендіңіз?
- Қытайда осы көшпенділер ойынына арналған арнайы іріктеу жарыстар өткен болатын. Сол сындардан өз салмағымда сүрінбей өттім. Бір емес, бірнеше жарысқа қатысып, барлығында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздім. Нәтижесінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға мүмкіндік туды.
- Ол жақта қандай жетістігіңіз бар?
- Ол жақта Қытай күресі деген күрес бар. Сол күрес түрі бойынша өз салмағымда чемпионмын. Қазақ күресімен де жиі айналысамын.
- Қытай күресі мен қазақ күресінің қандай айырмашылығы бар?
- Әдіс жасау жағы мен ұпай беру жағында айырмашылықтар көрінеді.
- Сұхбатыңызға рақмет!