Қазақ ертегілері мен аңыздары алғаш рет француз және нидерланд тілдерінде жарық көрді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің бастамасымен бүгін Брюссельдегі Комикстер музейінде «Ұлы дала аңыздары» кітабының таныстырылымы өтті. Қазақ ертегілері мен аңыздары топтастырылған комикс жинағы алғаш рет француз және нидерланд тілдеріне аударылып, екі тілде жарық көрді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Фото: Арнұр Рақымбеков/Kazinform

Жинаққа «Ер Төстік», «Айша бибі», «Естай мен Қорлан», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» және «Махамбет» атты бес шығарма енген. Кітап балалар мен ересектерді қазақ фольклорымен, Ұлы дала тарихымен таныстырады.

— Кейде бір ел туралы алғашқы әсер бір ғана оқиғадан басталады. Балалық шақта оқыған ертегіңіз санаңызда өмір бойы сақталып, алыстағы елдің тарихы мен халқына, салт-дәстүріне деген қызығушылығыңызды оятуы мүмкін, — деді таныстырылымда Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко.

Фото: Арнұр Рақымбеков/Kazinform

Бұған қоса Қазақстандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы туралы айтып берді.

Жобаның мақсаты — кітап оқуды бала кезден күнделікті әдетке айналдыру. Роман Василенконың айтуынша, «Ұлы дала аңыздары» жинағы арқылы Қазақстан тарапы кітап оқуға деген сүйіспеншілікті Бельгияның жас оқырмандарына да жеткізуді мақсат еткен.

Айта кетейік, кітаптың тұсаукесері Виктор Орта жобалаған, ар-нуво сәулет үлгісінде салынған тарихи ғимаратта орналасқан Бельгия комикстер орталығында өтті. Басылымның пішімін таңдауға бельгиялық комикс өнерінің дәстүрі негіз болған.

Фото: Арнұр Рақымбеков/Kazinform

Бельгия Өкілдер палатасының депутаты Катрин ван Рит комикс өнері елдің мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бельгиялықтар бала кезінен сүйіп оқитын жанр арқылы Ұлы дала аңыздарын жергілікті оқырмандарға таныстырған қазақстандық әріптестеріне алғыс білдірді.

— Бұл жобаны қолдау — қазақ мәдениетін сақтап, оны кеңінен танытуға бағытталған қор қызметінің бір бөлігі. Кітаптағы иллюстрациялар тарихымыздың күрделі кезеңдерін кеңінен түсіндіруге, жас ұрпақты әдебиетімізбен таныстыруға және Қазақстанның мәдени мұрасын шетелдік оқырмандарға жақындата түсуге жол ашады, — деді Freedom Holding Corp. компаниясының тұрақты даму және сыртқы байланыстар жөніндегі бас директоры Бағлана Мусина.

Кітап 2026 жылғы қазанда Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарына орай жарық көрді. Сапар кезінде оның алғашқы данасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мәртебелі меймандарға табысталды. Өз кезегінде Бельгия Король сарайы Қазақстанның бай мәдениеті мен өнер мұрасына көрсетілген құрметті атап өтіп, кітаптың тұсаукесеріне сәттілік тіледі.

Фото: Арнұр Рақымбеков/Kazinform

Тұсаукесерге Бельгия Король сарайының өкілдері, парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен оқу орындарының қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, баспа және комикс индустриясының мамандары, сондай-ақ бельгиялық мектеп оқушылары қатысты.

«Ұлы дала аңыздары» — Қазақстан Елшілігі қолға алған «Бельгиядағы қазақ кітапханасы» жобасының алғашқы басылымы. Жоба аясында қазақстандық авторлардың шығармаларын Бельгияның ресми тілдеріне аударып, жыл сайын оқырманға ұсыну көзделген.

Басылымның тұсаукесеріне Freedom Holding Corp. компаниясы, Бельгия комикстер орталығы және Қазақстанның Ұлттық аударма бюросы қолдау көрсетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін кітап оқуды жоспарлап, бірақ күнделікті тірлікпен жүріп оны кейінге қалдыратын адамдарға арналған отандық PARAQTA платформасы қолға алынғаны хабарланған болатын. Сайт оқырманға оқу мақсатын белгілеуге, оқыған беттерін есептеуге және кітап туралы пікірін жазуға мүмкіндік береді.