Қазақ есімдерін құжатта қате толтырып қорлатпайық

None
АНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ – Өзін сыйлайтын кез-келген адам аты-жөнінің дұрыс жазылып, айтылуын қалайтыны белгілі. Алайда, өкінішке қарай, бізде мұндай мәселеде азаматтарды құқықтық тұрғыдан қорғайтын, ұлттық есімдердің тілдік табиғаты мен жазылу ережелері туралы дұрыс бағыт беретін ресми құжат болмай отыр.

Соның салдарынан қазіргі уақытта халықаралық байланысқа шығатын төлқұжатта латын қарпімен берілетін азаматтың аты-жөні сан түрлі жазылып жүр. Осы уақытқа дейін ойымыз да, бойымыз да әбден үйренген кирилл қарпімен жіберіп жатқан қателерімізге енді латын қарпімен жазудың проблемасы қосылған сыңайлы. Мұнда да бір ғана қазақ есімін түрліше жазу орын алып отыр. Ал оны бір ізге түсіру үшін өзіміздің волапюгіміз (әр елдің өзінің дыбыстарын таңбалайтын латын қарпінен тұратын алфавиті) болуы шарт. Қазір қазақ есімдерін құжаттарда бірізді толтыруды жүзеге асыру күрделі мәселеге айналып отыр, осыған орай осы сала бойынша зерттеулер жүргізіп жүрген ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті Бекжан Досжановпен сұхбаттасқан едік.

- Зерттеуші ғалым ретінде қазіргі төлқұжаттардағы азаматтардың аты мен тегінің жазылуында кетіп жатқан қателіктерді жиі көтеріп жүрсіз. Осындай өрескелдіктің алдын алудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?


- Бұл төңіректе бүгінге дейін қордаланған мәселелер көп. Толығырақ жауап беру үшін мәселенің ең бірінші себебін анықтап көрелік. Екі түрлі секілді: біріншіден, қателіктер деп дұрыс атап отырсыз, құжатты толтыру кезінде жіберілген жай ғана қателер болса, мәселе соншалық күрделі болмас еді. Күнделікті өмірде кездесетін жайттар, яғни азаматтардың өз аты-жөніне деген көзқарасы мен құжаттағы толтырылуының арасында байланысқа қарағанда, өрескел қате есімдер қалай дұрыс жазылатынын білмегеннен емес, кісі есімі туралы жаңаша қалыптасып отырған, қате пікірден туып жатыр ма?! - деген ойға қаласыз. Мысалы, қазір бізде орысша сөйлеу "мода" екені жасырын емес. Қоғамымыздың барша саласын қамтымай-ақ, болашағымыздың негізі болып табылатын мектепті алайық, қазақ мектебінде оқитын қала баласы сабақты ғана қазақша айтып, басқа уақытта негізінен орысша сөйлейді. Демек, ол орыс тілдік саналы болып қалыптасып жатыр. Сәулені Сауле, Гүлімді Гулим деп айту оның жанына жақын. Сондықтан, ол балалар өз есімдерінің қате екеніне қарамай, соңғылары секілді орыс тілінің дыбыстық заңдарына сай айтылып, жазылуын қалайтыны сөзсіз. Екіншіден, өкінішке қарай, тілдік сананың осылайша бүлінуінен ауыл баласы да аулақ қала алмай отыр. Өйткені, көпшілігінің құжаты орыс тілінің заңдылығымен толтырылған. Кез-келген ресми орындарда (бала бақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында т.б.) қате болса да, рәсімделуі бойынша айтылып, оқылады да, көзін ашқаннан бастап тыңдай-тыңдай, тіпті қате жазылудан айтуға ауыз бармайтын, масқара күйге түскен аты-жөннің өзіне де құлағы үйренеді, кейін кей жерлерде тіркеуге алғанда дұрыс жазылса, қате толтырып тұрсыз деп, қарсылық білдіретін жағдайлар да кездеседі. Ал заң қате жағында, өйткені құжат солай толтырылған. Міне біз қазір осындай қате құжаттар арқылы аты-жөн туралы қате пікірдің қалыптасуына ресми түрде жол салып беріп отырмыз. Қате толтырылған құжаттар талайлардың жүйкесін тоздырып, алайда бәрібір айтқанына көндіріп келеді. Мысалы, 2008 жылы оқуға түскен студенттердің ішінде Аягөз есімді сегіз қыз бала бар екен, солардың 6-уы Аягоз, 1-уі Аякоз, 1-уі Аякуз болып жазылыпты. Аягөз болып дұрыс толтырылған ешқайсысы жоқ. Бұл есімді, біздің білуімізше, негізінен оралман ағайындар Аягөзге келгенде туған балаларына қойған. Тілдік санасы таза, өзгеге еліктеуден аулақ тұрған оларға көрсеткен алғашқы елдігіміздің белгісі әлгіндегідей болып отыр. Жазылудан кеткен осы қате құжат алған қуаныш үстінде алғаш байқалмай кете барғанмен, көркем есімнің құбыжыққа айналғанын кейін ресми орындарда оқылғанда ғана бір-ақ түсініп, сан соққандар қаншама?! Алайда енді одан құтылу оңай емес... Сұрағымызға қайта оралар болсақ, жіберіліп жатқан қателердің алдын алудың ең тиімді әрі төте жолы құжатты дұрыс толтыру. Бұл айтуға ғана жеңіл, ал орындалуына келсек, мың бір түрлі кедергіден жүйкеңіз сыр бермесе ғана аман-есен қол жеткізуге болатын "биік арман". Затына аты сай толыққанды қазақ болып өмір кешіргісі келген талайлардың орта жолда тауы шағылып, қолын бір-ақ сілтегенін білеміз. Бір ғана мысал айтайын, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазының ұйымдастыруымен АХАЖ қызметкерлерімен кездесуге келген ұлты өзбек бір әйелдің (қазір аты-жөні есімде жоқ): «Баламыздың аты-жөнін қазақша жазғызайық деп едік, бізге "болмайды, сіздер өзбексіздер сондықтан, Өзбекстаннан аты-жөннің жазылуы туралы анықтама алып келіңіздер, болмаса орысша толтырамыз деді" - деген қынжылысын сол жерге жиналған бәріміз бас шайқай тыңдағанымыз есімізде. Екінші бір таңданғанымыз -Т.Жанұзақов пен К.Есбаеваның "Қазақ есімдері" деген анықтама сөздігі сонда жиналған оннан аса қызметкердің біреуінде ғана бар екен. Кезінде өздеріне арналып дайындалған осы кітап туралы өзгелері хабарсыз болып шықты. Бұл қазақ есімдерінің дұрыс жазылуын қамтамасыз ететін бірден-бір сөздік болатын. Алайда әділет мекемелері тарапынан арнайы бекітілмегендіктен, ресми орындар құжат толтыру кезінде оны басшылыққа ала бермейді. Осындай кемшіліктерді жоюдың бір ғана амалы бар, ол - ҚР Әділет министрлігінің ұйымдастыруымен қазақ есімдерінің сөздігі дайындалып, мамандардан құралған арнайы комиссияның талқылауынан өткізілгеннен кейін ресми түрде бекітілуі керек. Ал құжат толтырылған кезде осы сөздік басшылыққа алынсын. Кісі аттары әркімнің жеке иелігі емес, ол замандар бойы ұлттық санада жаңғырып, ұлттың бар қасиетін бойына сіңірген ұлы мұра. Қазақ есімдері - қазақ халқының ұлттық паспорты. Оны өзге тілге аударып, төл болмысынан алшақтатар болсақ, ол осы бір ұлы қасиетінен айрылады. Қазақтың ұлттық есімдері қазіргі таңда мәдени мұра ретінде қорғауға алынуы керек. Бұл туралы бұрын да айтқанбыз, алайда тағы да қайталағымыз келеді. Мәселенің тоқ етері, қазақ есімдерін орысша толтыруға болмайды. Асема ешқашан Әсем бола алмайды, сол секілді Мөлдірді Молдыр десек, тұнық лайланады, Гүлайды Гуляй деу ұят, ал Асел Оселға ұқсайды, бұл қорлау болады. Осыларға айтуға ауыз бармайтын, масқара болған, Амзина, Куттикыз, Сидикова, Сисен т.б. есімдерді қосыңыз ("Егемен Қазақстанда" жарияланған ҰБТ қорытындысы туралы тізімде). Орыс тілінің шылауынан шыға алмай, қазақ тіліндегі төл болмысына жақындата алмай қазақ есімдерінің ит сілікпесін шығарып жүрміз, ілгерідегі Мөлдірдің 13 түрлі жазылуы соның нәтижесі. Бұл дегеніңіз өз мүддемізді өзгенің табанына салып беру, өзімізді өзіміз қорлау. Құлдық психологияға тән осындай жат элементтерден арылатын кез әлдеқашан жетті.

- Тек қана қазақша жазайық деген ұсынысты жұрттың барлығы бірдей қолдай қояр ма екен: Қазақстан Республикасының ?Тіл туралы? Заңында орыс тілі ресми тіл ретінде мемлекетттік тілмен тең дәрежеде қолданылатыны туралы айтылған, ?Үш тұғырлы тіл? бағдарламасы және Ресеймен арадағы қазіргі жиі қарым-қатынас мәселесінде азаматтарымыздың аты-жөнінің орыс тілінде дұрыс толтырылуы туралы ойланбасақ болмайтыны тағы бар?


- Түсіндім... Біріншіден, ҚР "Тіл туралы" Заңында ұлттық аты-жөннің қазақша толтырылуына қарсы ешқандай бап көрген емеспін. Қазақша мен орысша толтырылудың арасындағы бар айырмашылық тоғыз дыбыстың төңірегінде ғана. Орыстар осы тоғыз дыбысты жаза алмай қалады деп қиналудың еш реті жоқ. Ө дыбысы О немесе У; Ұ, Ү - У; І - И; Қ - К немесе Х; Ғ - Г; Ң - Н болып таңбаланады. Өзге жұрттың тіліндегі есімдерді өз заңдарына сай етіп жазуға орыс тілінің мүмкіндігі жетпей қалатын болды деген "қорқыныш", ұлттық есімдердің бүлінуінен, сол арқылы тілдік сананың өзгеруінен қорқыныштырақ болмаса керек. Лингвистикалық зерттеулер қорытындысы сол тоғыз дыбыс ұлттық болмысымыздың негізгі тірегі екенін көрсетіп отыр десем, оны біреу түсінер, біреу түсінбес. Қалай болғанда да, қазақ есімнің бүтіндігі қазақ үшін ғана керек, өзгелер оны қазақша сипаты бойынша, мүмкіндігіне қарай қабылдасын. Екіншіден, біз әлі күнге дейін волапюк мәселесін шеше алмай отырмыз. Халықаралық кеңістікке шығу үшін көптеген елдер өзінің дыбыстарын таңбалайтын латын қарпінен тұратын алфавитін бекітіп алған. Енді ол тілді пайдаланушылардың барлығы осы алфавитке сүйенеді. Ал бізде бұл мәселе ретінде әлі күн тәртібіне қойылмай келеді. Тіпті латын алфавитіне көшу туралы Елбасының тамаша пікірін де ақырына жеткізе алмай, орта жолда қалдырдық. Бұлай деуіміздің себебі Елбасының тапсырмасынан кейін баспасөз беттерінде ғылыми негізі аз, түрлі болжамдарға сүйенген пікірлер жаппай жарияланды да, біраз уақыт өткен соң, мәселені келер күннің еншісіне тапсырып, қызулы базар тарқап сала берді. Келер күннің еншісіне тапсыру дегеніміз, қол қусырып қарап отыру емес, керісінше жан-жақты зерттеулер жүргізіп, сол күнді жақындату болса керек еді. Бұл бағыттағы ауыз толтырып айтарлық жоспарлы жұмыстарды көре алмай отырмыз. Қазір не латын қарпі жоқ, не волапюк жоқ, "терімізді сатпай, телміріп көзімізді сатып" әркімге бір жалтақтаймыз. Кей мамандардың айтуынша, жеке куәліктің төменгі жағындағы аты-жөннің ағылшыншасын толтырғанда, өзіміздікі болмаған соң орыстың волапюгін пайдаланып жүрген сияқтымыз. Қазақ кітаптарын ағылшыншаға аударғанда Қожа Ахмет Ясауидің аты-жөнін 8, Шыңғысхандікін 10 түрлі жазғанымыз туралы мәселенің айтылғанына да біраз. Бұл да өз волапюгіміздің жоқтығынан екені даусыз. Бір нәрсені қатыра алмай жатып, келесі бір былыққа батып жататынымыз бар. Үш тұғырлы тіл бағдарламасын желеу етіп, кісі аттарының қазақша - орысша - ағылшынша сөздігін дайындауға талпыныстар жасалып жатқаны туралы естіп қалдық. Аты-жөнді орысша толтыруға болмайтынын тағы да қайталап айтамыз, оның орнына өзіміздің волапюгімізді қабылдап, ілгеріде айтылған - дайындалуға тиіс сөздікте есімдердің латын және кирилл (қазақша) қарпімен бірізді етіп екі нұсқасын беруіміз керек. Сонда ол сөздік әрі есім таңдауға көмекші құрал, әрі рәсімдеуге қажетті ресми құжат болып шығады. Егер қарпіміздің түрін белгілеп алмай тұрып, сол сөздікті дайындар болсақ, ілгерідегі 13 түрлі Мөлдірдің тағы да 13 түрі пайда болмасына кепілдік жоқ және ол сөздік шығыны көп болғанмен, ешкімге пайдасы да (керісінше зияны шаш етектен), қажеті де жоқ көп кітаптың бірі болып қала береді. Сондықтан, әркімнің көңілінен шығам деп ала өкпе болмай, өзіміздің жағдайымызды ойлайтын және салиқалы шешім қабылдайтын уақыт жетті дегіміз келеді. Халықаралық кеңістікте өз үнімізбен танылғымыз келсе, түрліше жазылған ала-құла есімдерді емес, ең бірінші жазуымызды сайлап алғанымыз ләзім. Құжат халықаралық стандартқа сай қазақша және ағылшынша ғана толтырылуға тиіс, ол ілгерідегі мәселелер жүзеге асқанда ғана мүмкін болмақ. Аты-жөні қате болғаны үшін жеке адамдарды кінәлау қателік, өйткені ол туғанда қанында қазақы болмыс бұлқынғанмен, мұның бәрінен бейхабар-тын. Ал қазіргі жағдайда мәселені тек ҚР Әділет министрлігі ғана реттей алады.

- Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиіне ат қоюға келгенде қазақ шебер халық. Шеберлігімен қатар, еліктегіш те. Кеңес одағы тұсында Мэлс, Съез сынды аттар қойылса, көгілдір экранға шетелдік сериялдар шыққан сәттерде Изаура, Рита есімін иеленген сәбилер дүниеге келді. Ал енді тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қазақ есімдерінің жандануы қалай болып жатыр?

- Осыдан біраз бұрын А.Смағұлов деген азаматтың "Қазақ есімдері (энциклопедиялық анықтамалық)" деген атпен үлкен сөздігі жарыққа шықты. Азамат деп отырғаным, бұрын-соңды жиналмаған қазақтың 40 мыңға тарта есімін тіркеуге алып, үлкен іс атқарды. Өзіңіз айтып отырған секілді өзге тілден енген көптеген есімді осы сөздіктен кездестіруге болады. Автор олардың біразын "тосын есімдер" деп топтастырған. Олардың ішінде Артек, Баку, Гагарин, Жанполь т.б. көптеген есімдер кездеседі. Бұл есімдердің тілімізге енуін бұрыннан бар дәстүрдің жалғасы ретінде қарастыруға болады. Мысалы, тарихи өзгерістерге байланысты қоғамдық сананың негізінде сөздік қорымызға қытай, тибет, тұңғыс-мәнжу, моңғол, араб, парсы, еврей, орыс, жоңғар т.б. тілдерден көптеген есімдердің енгені белгілі. Ол есімдердің барлығын тілдің ішкі механизмдері дыбыстық заңдарымызға сай өзгерістерге түсіріп, жаңаша бір ұлттық сипат берген болатын. Сондықтан оны өзге тілдің элементі ретінде емес, төл есімдеріміз ретінде сіңіріп алдық. Бұл кез-келген тілдің дамуына тән заңдылық. Алайда, орыс орфографиясына бағындырылғаннан кейін қазақ есімдері өзінің сырттан сөз алу дәстүрін сақтағанмен, оны игеру тетігінен айрылып қалды. Сондықтан, кірме есімдер өзінің бастапқы қалпын өзгертпей, қазақ тілінің біртұтас сипатына селкеу түсіре бастағанын мойындауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде олар шындығында "кездейсоқ" болып табылады. Кездейсоқ болуының тағы бір себебі олар жаппай қолданыс тауып, тілімізде нормаға айнала алған жоқ, керісінше жекелеген балаларға ғана берілумен шектеліп отыр. Сондықтан, оларды қазақ есімі деп қабылдауға болмайды және қазақ есімдері сөздігінде беру де қателік болып табылады. Жыл сайынғы оқуға түскен студенттердің тізіміне қарап, қазақ есімдерінің қай бағытта дамып бара жатқанын шамалауға болады. Біз өзіміздің зерттеулеріміз барысында ол есімдердің көпшілігі заманға сай жаңаша сипатта қолданыс тауып жатқанын байқадық. Мысалы, бұрынғы екі сөзден тұратын біріккен тұлғалы есімдердің орнына дара тұлғалылар көбірек кездеседі. Айтуға жеңіл, көркем дыбысталуы да басшылыққа алынатыны байқалады.

- Әңгімеңізге рахмет!