Қазақ фермері түйе шаруашылығын дамытып, жылына 197 тонна сүт өндіреді – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қытайда қазақ фермері 12 түйені мың басқа дейін жеткізді – Harajorga

Шыңжаң өлкесінің Бурылтоғай ауданы Қарамағай қалашығы, Ойқора қыстағында тұратын қазақ фермері Өмірбек Мысырқан 11 жылда 12 түйеден басталған шаруашылығын мың басқа дейін ұлғайтып, жылына 197 тонна түйе сүтін өндіруге қол жеткізді. Жылдық табысы 4,6 млн юаньға жеткен, деп хабарлайды Harajorga ақпараттық порталы. 

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, фермер малды күтіп-баптау, жемшөппен қамтамасыз ету және сүт өндіру үдерісіне заманауи технологияларды енгізіп, шаруашылық жұмысын ғылыми негізде ұйымдастырған.

2018 жылы «Ваньюань» биотехнологиялық компаниясының қолдауымен сауынды түйелерінің санын 60-қа жеткізіп, отбасылық фермасын тіркеген. Бүгінде шаруашылық жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, он адамға түйе өсіру тәжірибесін үйретіп отыр. Алдағы уақытта фермер ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды пайдаланып, түйе сүтінің өнімділігі мен сапасын арттыруды көздейді. Жергілікті компания жоғары оқу орындарымен бірлесіп, сауынды түйелерден төрт жылда үш рет төл алуға мүмкіндік беретін технологияны зерттеп жатыр.

Сарапшы: АҚШ инвестициясы Орталық Азиядағы реформалардың орнын баса алмайды– Eurasia Today

Америкалық инвестициялар Орталық Азия елдеріне жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашқанымен, өңірдегі ішкі реформалардың орнын баса алмайды. Бұл туралы Йорктаун институты жанындағы Turan Research Center зерттеушісі Рафаэль Саттаров Exclusive.kz басылымына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі. 

Сарапшының пікірінше, АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығы өңір елдерінің егемендігін сақтау, стратегиялық минералдар мен сирек жер металдарына қол жеткізу, сондай-ақ Қытай мен Ресей ықпалын теңгеру мақсаттарымен байланысты. Дегенмен миллиардтаған долларлық келісімдер нақты инвестицияға айналуы үшін Қазақстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер логистика, энергетика, инвестициялық ахуал мен визалық саясат бағыттарында өзара ынтымақтастықты күшейтуі қажет.

Фото: eurasiatoday

Саттаров стратегиялық ресурстарды тек шикізат күйінде экспорттамай, жергілікті жерде өңдеу, бірлескен кәсіпорындар құру және мамандар даярлау жөнінде келісімдер жасау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, C5+1 форматы аясындағы өңірлік ынтымақтастықтың нәтижесі ең алдымен Орталық Азия басшыларының ортақ шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға дайындығына байланысты.

Өзбек жазушысы Нобель сыйлығының ықтимал үміткерлері қатарында аталды– ӨзА

Өзбекстандық жазушы әрі ақын Хамид Исмаилов 2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының ықтимал үміткерлері тізіміне енді, деп жазады «ӨзА». 

Өзбекстандық БАҚ-тың хабарлауынша, қаламгердің шығармалары ағылшын, орыс, түрік, неміс және француз тілдеріне аударылған. Оның «Жындар кеші» («Жинлар базми») романы 2019 жылы Еуропа қайта құру және даму банкінің әдеби сыйлығын иеленген.

Фото: uza.uz

1954 жылы Қырғызстанның Тоқмақ қаласында дүниеге келіп, кейіннен Ташкентте жоғары білім алған жазушы 1992 жылдан бері Лондонда тұрып, шығармашылықпен айналысады.

Нобель қорының ережесіне сәйкес, сыйлыққа ұсынылған тұлғалар туралы мәліметтер 50 жыл бойы құпия сақталады. Сондықтан Хамид Исмаиловтың биылғы сыйлыққа ұсынылғаны туралы ақпаратты ресми расталған дерек емес, ықтимал үміткерлер тізіміне қатысты хабар ретінде қарастырған жөн. Айта кетейік, 2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы 8 қазанда канадалық ақын әрі жазушы Энн Карсонға берілді.

Қытай мен Орталық Азия арасындағы туристік алмасу артып келеді – Халық газеті

Қытайдың мемлекет мерекесіндегі ұзақ демалыс пен визасыз режимге қатысты түрлі шаралардың енгізілуі арқасында Орталық Азия қытайлық туристер үшін танымал саяхат бағытына айналды, деп хабарлайды Халық газеті басылымы. 

Халық газетінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 маусымда Қытай мен Өзбекстан арасындағы визасыз режим күшіне енгеннен кейін қытайлық туристер саны 3,5 есеге артқан. Қазақстан да Қытай азаматтары арасында танымал бағытқа айналған.

Сонымен қатар Қытайға баратын Орталық Азия елдерінің туристері де көбейген. Гуанчжоудағы Байюнь әуежайының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 2 маусымдағы жағдай бойынша, Орталық Азияның бес елінен келген саяхатшылар саны 90 мыңнан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 286,6%-ға өскен. Оның ішінде Қазақстаннан келгендер саны 258,4%, Өзбекстаннан 351,9%, Қырғызстаннан 660,6% артқан.

«Ғылым ордасында» Иран мәдениетіне арналған көрме өтті – ParsToday

2026 жылғы 6 қазанда Алматыдағы «Ғылым ордасында» Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және Иран мәдениетін насихаттау мақсатында «Тегеран күніне» арналған іс-шара өтті, деп жазды ирандық ParsToday ақпарат агенттігі. 

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, шара аясында Тегеран қаласының тарихы, мәдениеті, заманауи келбеті мен көрікті жерлерін таныстыратын фотокөрме және бейнероликтер ұсынылды.

Фото: parstoday.ir

Сондай-ақ Орталық ғылыми кітапхананың қорынан парсы тіліндегі қолжазбалар мен Иранның тарихы, әдебиеті, өнері және сәулетіне арналған кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер Иранның мәдени мұрасы мен Тегеран қаласына қатысты құнды басылымдармен танысты.

Сондай-ақ осы аптада ParsToday басылымында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кездесу өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Ирандық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жас аудармашы Шыңғыс Әбдірайыммен кездесу өтті. «ParsToday»-дің мәліметінше, 5 қазанда ұйымдастырылған шарада «Отбасы хрестоматиясы» баспасының қызметкері студенттерге жаңа басылымдар мен аударма жұмыстары туралы баяндады.

Соңғы жылдары баспадан ирантану бөлімінің студенттері парсы тілінен тікелей аударған Хушанг Муради Керманиінің «Бала Мәжиттің хикаялары» және факультет докторанты Гаухар Омарханова аударған Мехди Миразимидің «Бір беттік кітап» шығармасының бірінші және екінші кітаптары жарық көрген.

Кездесудің мақсаты – студенттердің кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, сыни ойлау және шығармаларды талдау қабілетін дамыту. Шара барысында баспаның кітап таңдау өлшемдері мен аударма әдістері талқыланып, қатысушылар сұрақтарына жауап алды.

Жасанды интеллект адамдарға тапсырма беріп, ақы төлей бастайды – TRT

Бүгінде жасанды интеллект технологиялары қоғамда кеңінен талқыланып жатқан негізгі тақырыптардың біріне айналды.

Жасанды интеллект адамзатты бақылауына ала ма немесе өркениетке қауіп төндіре ме? Әзірге бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Дегенмен бұл технологиялардың қарқынды дамып, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқаны анық.

Фото: trtkazakh.com

АҚШ-та жасанды интеллект жүйелерінің адамдарға белгілі бір тапсырмалар беріп, оны орындағаны үшін ақы төлеу мүмкіндігі талқыланып жатыр.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

TRT-ның мәліметінше, киберқауіпсіздік маманы Бурак Бозкуртлардың айтуынша, мұндай жүйелер бастапқыда дүкендегі жеміс-жидек пен көкөніс бөлімін суретке түсіру сияқты қарапайым тапсырмалар ұсынуы мүмкін. Адам суретті қосымшаға жүктегеннен кейін, келісілген ақы банк шотына аударылады. Тапсырмаларды орындаған сайын табысын арттыруға мүмкіндік алған пайдаланушылар мұндай жұмыстарға көбірек қызығушылық танытуы ықтимал.

Алайда маман бұл үрдістің қауіп тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Оның пікірінше, уақыт өте келе тапсырмалар мемлекеттік мекемелердің кіреберістерін, белгілі бір көліктерді немесе адамдарды фотоға және видеоға түсіруді қамтуы мүмкін. Ақша табуға қызыққан адамдар мұндай тапсырмалардың мақсатына мән бермей орындауы ықтимал. Сондықтан Бозкуртлар жасанды интеллект ұсынатын ақылы тапсырмалардың сипаты мен ықтимал қауіптеріне назар аудару қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, осы аптада TRT басылымында «ChatGPT жасөспірімдер үшін қауіпті болуы мүмкін» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Common Sense Media ұйымының есебіне сәйкес, OpenAI компаниясының жасөспірімдерге арналған ChatGPT нұсқасындағы кейбір қауіпсіздік тетіктері тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Ұйымның мәліметінше, жасөспірімдердің өзіне зиян келтіру, суицид жасау немесе тамақтану бұзылыстарына шалдығу қаупі туралы ата-аналарға ескерту және дағдарыс жағдайында қолдау көрсету функцияларында кемшіліктер бар. Осыған байланысты ұйым чатботтың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгенге дейін оны тек ересектерге қолжетімді етуді ұсынды.

Ал OpenAI компаниясы зерттеу әдістемесімен келіспейтінін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, сынақтардың басым бөлігі ата-ана бақылауы функциялары толық іске қосылғанға дейін жүргізілуі мүмкін. OpenAI жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналарға балалардың чатботты пайдалануын бақылауға арналған құралдарды жетілдіріп жатқанын хабарлады. Айта кетейік, Common Sense Media ұйымы OpenAI және басқа да технологиялық компаниялардан қаржылық қолдау алады.

Қытай халықаралық Конфуций мәдениеті мерекесі басталды– CNR

2026 жылғы Қытай халықаралық Конфуций мәдениеті мерекесі дүниежүзілік өркениеттер диалогының тұрақты алаңы саналатын Шаньдун провинциясының Цюйфу қаласында басталды, деп хабарлайды қытайлық Орталық халық радиосы ақпараттық порталы. 

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, биылғы Конфуций мәдениеті мерекесі «Мейірімділік әлемі және дүние жүзі бейбітшілігі» тақырыбына арналды. Іс-шара барысында 21-рет «БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ЮНЕСКО) Конфуций атындағы білім беру сыйлығы» табысталды.

Сонымен қатар дүниежүзілік өркениеттер диалогы алаңында «Өркениеттің серпімділігі және әлемді жаңғырту», «Идеялық пікір алмасу және өркениеттер тоғысуы» сияқты тақырыптар бойынша пікірталастар өтті.