Қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев РФ-ның «Ғарыш кеңістігін игеруге қосқан үлесі үшін» мемлекеттік медалімен наградталды
Аталмыш медальдарды бүгін Астанада РФ-ның еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарников табыс етті.
«Адам баласының алғашқы ғарышқа сапарының 50 жылдығына орай, Ресей басшылығы біздің планетамыздың ғарышты игеруге қатысқан тұтас бір қайраткерлер шоғырын ғарышты игеруге қосқан үлестері үшін мемлекеттік наградалармен марапаттауға шешім қабылдады», - деді салтанатты шара барысында М. Бочарников.
Оның айтуынша, қазақстандық ғарышкерлер басқарылатын космонавтика саласында халықаралық ықпалдастықты дамытуға үлкен еңбек сіңіргендері үшін еленді.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы достық құр сөзбен және ортақ жетістіктермен ғана бекіген жоқ. Ресей елінің ғарышты игеруге өз үлестерін қосқан адамдарды ұмыт қалдырмай, марапат көрсетіп жатқаны қуантады. Бұл медальды төске тағу мен үшін үлкен мәртебе», - деді қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, КСРО-ның еңбек сіңірген ұшқышы Тоқтар Әубәкіров.