«Қазақ» газетіне - 100 жыл

Фото: None
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қазақ журналистикасының тарихы, бүгіні мен даму болашағы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Жиында алаштың маңдайалды ғалымдары М.Қойгелді, Х.Әбжанов, Д.Қамзабекұлы, Қ.Сақ, Б.Жақып, Т.Жұртбай, А.Қырықбай, Қ.Атабаев, Ө.Әбдіманұлы, А.Шәріп, Б.Омаров секілді профессорлар баяндама жасады. Олар «Қазақ» газетінің шығу тарихы, оның негізін салушылар және газеттің қазақ халқының өміріндегі қоғамдық-саяси үні ретіндегі рөлі туралы айтты.

«Қазақ» газеті - бұл алаш зиялыларының алғашқы баспа органы. Оның алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда Орынборда шықты. Басылым беттерінде өзекті әлеуметтік-экономикалық сауалдар, саяси, жер, мәдениет мәселелері көтерілді, әйелдер жағдайы туралы айтылды, яғни халық арасында басылым арқылы ағарту жұмыстары жүргізілді.

Газет халықтың «қазақ» деген этникалық атын қорғап қалды. Ол бес миллион дерлік халықтың жалпыхалықтық басылымы болды және қазақтардың ұлттық бірігуіне ықпал етті. Алайда 1918 жылдың наурызында газет жойылды. Көп ұзамай оның артынан газеттің күллі негізін салушылар мен авторлар - қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары атылды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов өз баяндамасында атап өткеніндей, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған Алаш қозғалысы «Қазақ» басылымы арқылы ұлттық идеологияны жүргізіп келді. Қазақ тiлiнде шынайы кәсiби газет стилiн қалыптастырды.

«Олар қоғамды өзгертуге емес, алдымен қазақты әлеуметтендіруге, саяси, экономикалық, рухани, тағы басқа салаларға енжарлықпен, тоғышарлықпен қарамай, саналы, оң-солын тани араласуына интеллектуалдық мазмұн беруге тырысты. Сондықтан «Оян, қазақ!» ұлттық идеясы қандай мәселеде болмасын, жер, отырықшылық, гендерлік ахуал, өнер, білім шашу, рулық, тайпалық, ұлтаралық, халықаралық қатынастар жайы ағартушылық және үгіт-насихат ұстанымында жүзеге асты», - деді ғалым.

«Айқап» пен «Қазақ» қазақты оқытты, тәрбиеледі, алға жетеледі, ұлт зиялыларының есеюіне септесті, тарихтың жүгі мен жауапкершілігін мойнына алды, халқына қызмет етті, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін шыңдады. Оянған қазақ 1916 жылы қолына қару алды, 1917 жылы ұлттық үкіметін - Алашорданы құру бақытына ие болды. Бүгінгі тәуелсіздігіміз - XX ғасырдың басындағы азаттықтың заңды жалғасы. Оның үгітшісі, көзі, құлағы, тілі - «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы болатын», - деп түйді сөзін Х.Әбжанов.