Қазақ географиялық қоғамы «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты экспедицияны бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Астана күні мерекесінің құрметіне «Қазақ географиялық қоғамы» «Экспедиция 25» атты бірегей жобаны іске қосты.

Экспедициялық жобаның бір бағдары ұлт тарихындағы көрнекті тұлғаның бірі, «Алаш» ұлт азаттық қозғалысының негізін қалаушы, қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш географ Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуымен байланыстырылып отыр.

Жалпы «Экспедиция 25» жобасы екі бағдарды қамтиды. Оның бірі осы - «Әлихан Бөкейхан ізімен» бағдары.

Әлихан Бөкейхан - қоғам қайраткері ғана емес, саясаткер, ағартушы, журналист, қазақ тіліндегі алғашқы география оқулығының авторы, этнограф, Орыс географиялық қоғамының мүшесі. ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан мерейтой аясында бүгінде Ресей мен Түркияда айтулы шаралар өткізілген болатын. Қазақстанда да әлем мойындаған Алаш зиялысының өмірін, шығармашылық жолын, саяси тұғырын танытарлық, Алаш көсемінің сан түрлі өнерді бойына жиған жан-жақты қырын ашарлық конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, шаралар ұйымдастырылуда.

 Қазақ географиялық қоғамы да осы айтулы үдерістен тыс қалмай «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты экспедиция ұйымдастырып отыр. Құрамына Айгүл Ісімақова, Қайырбек Кемеңгер, Айжан Хамит, Елдос Тоқтарбай секілді т.б. жетекші алаштанушылар мен тарихшылар тартылған экспедиция Ақтоғайдан басталып, Қарқаралы, Семей, Омбы, Санкт-Петербор, Минск, Самара, Орынборда болып, бағдарын Мәскеуде аяқтамақ.

Экспедицияның мақсаты - Әлихан Бөкейханның өмір жолын кең арнада таныстыру, оқырмандарға еңбектерін таныту, Алаш көсемінің ел еркіндігі үшін істеген ерен еңбегін насихаттау. Сондай-ақ әлі көпшілік қауымға мәлім бола қоймаған дәйектер мен құжаттарды іздестіру болмақ.