Қазақ Гуманитарлық-Заң Университеті тегін оқуға интеллектуалдық байқау жариялады

АЛМАТЫ. 30 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ Гуманитарлық-Заң Университеті «Егемен Қазақстан» республикалық әлеуметтік-білім беру жобасы бойынша интеллектуалдық байқау жариялады.

Байқау Абылай ханның 300 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналып отыр. Оның негізгі мақсаты - қазақ тілі мен Қазақстан тарихын дамытуға атсалысу. Екі кезеңнен тұратын бұл сайысқа орта мектептер мен лицей және гимназиялардың бітіруші сыныптарының оқушылары қатыса алады. https://www.kazguu.kz/ сайтына тіркелген олар байқаудың алғашқы «Дистанциялық кезеңінде» ұйымдастырушыларға 21 қарашаға дейін электрондық және жазбаша түрдегі эсселерін жолдауы керек. Екінші «Емтихан» кезеңінде олар 13 желтоқсанда жоғары оқу орнының бас корпусында қазақ тілі мен Қазақстан тарихы білімдерінен тест тапсырады. Одан сүрінбей өткендер ғана сөйлеу мәдениеті мен ой-өрісін тексеру үшін әңгімелесу сынағына жіберіледі. Бұл сайыста үздік шыққан 22 оқушы Қазақ Гуманитарлық-Заң Университетінде тегін жоғары білім алуға мүмкіндік алады.