Қазақ халқы қандай ырым-тыйымдарға сенген

Коллаж: Kazinform / aqmeshit-aptalygy.kz / qazaqgeography.kz

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қазақ халқының рухани-мәдени мұрасында ырым мен тыйымдар ерекше орын алады. Ырым-тыйымдар — бір ғана сөз немесе тыйым емес, бұл — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің, қоғамдық тәртіптің көрінісі.

Қазақтың ырым-тыйымдарының шығу төркіні сонау түркі дәуірінен бастау алады. Ол замандарда адам баласы табиғат құбылыстарын, өмірдің тылсым сырларын түсіндіріп беретін нақты ғылым болмағандықтан халық өмірлік тәжірибеге сүйеніп, әр іс-әрекетті ырыммен байланыстырған. Жаманнан сақтандырып, жақсылыққа жетелейтін бұл ұстанымдар әлеуметтік тәртіп пен отбасылық мәдениеттің іргетасы болды.

Мысалы, «түнде тырнақ алма», «үйге жүгірме», «есікке керілме», «бас киімді жерге тастама» деген сияқты тыйымдардың артында үлкен мағына бар. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл тыйымдар халықты тәртіпке, ұқыптылыққа, ізгілікке баулыған.

Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Бижанованың айтуынша ырым-тыйымдардың тамыры тереңде. Олар неолит пен қола дәуіріндегі адамзаттың табиғатпен етене өмір сүруімен, анимизм мен тотемизм сияқты түсініктермен тығыз байланысты.

Біздің ата-бабамыз үшін бұл — қоршаған ортаны танудың, реттеудің, қорғаудың және тылсым күштермен үйлесімді болудың тәсілі болды.

Фото: Әлия Бижанованың жеке архивінен

— Ырым-тыйымдардың түрлері мен мәніне келсек, оларды бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады. Тәрбиелік мәні бар ырымдар — жастарды әдепке, сыпайылыққа, ұқыптылыққа баулыған. Экологиялық тыйымдар — табиғатты қорғауға, су көздерін, жан-жануарларды аялауға бағытталған. Әлеуметтік ырымдар — қоғамда сыйластық пен үйлесімділік орнатуға сеп болған. Магиялық ырымдар — зұлым күштерден қорғану, береке мен тыныштықты шақыру мақсатында қолданылған. Мысалы, «түнде тырнағыңды алма» деген тыйым — бір жағынан қауіпсіздік үшін, яғни жарықсыз жерде жарақат салып алу қаупін түсіндірсе, екінші жағынан — қараңғылықпен байланысты рухани қауіптерді болдырмау деген түсініктен туған. Ал «босағаны керме» деуі — үйдің, отбасының киесін құрметтеу, әдеп сақтау деген ұғымды білдіреді. Қазақ ұғымында әйел мен ер адам қос босаға секілді деп білген. Оны керу әйел мен ердің арасын суыту дегенді білдірген. Сондай-ақ, бұрындары жаман хабар алып келген адам ғана есікті керіп тұрып, хабарды жеткізетін болған. Мұндай хабарды алып келген адам үйге кірмей, тізе бүкпей кететін болған, — деді Әлия Бижанова.

Ғалымның айтуынша ырым-тыйымдардың пайда болуына себеп болған бірнеше негізгі фактор бар. Мысалы, мифологиялық көзқарас — тәңіршілдікке негізделген әлем бейнесі: адам, жер, аспан арасындағы рухани байланыс.

Көшпелі өмір салты — табиғатпен тікелей өмір сүрген халық үшін тіршілікті сақтау мен реттеу жолы ретінде ырым-тыйымдар қажет болды. Қауіпсіздік қажеттілігі — белгісіз, түсініксіз жағдайлардан сақтанудың бір жолы ретінде ырымға сүйену қалыптасты.

— Ислам діні қазақ даласына VII–VIII ғасырларда тарай бастаса да, оған дейінгі анимистік, тотемдік, шамандық наным-сенімдер ырым-тыйымдармен бірге өмір сүріп келді. Бұл нанымдар уақыт өте келе ислам дінімен синкретті түрде сақталып қалды. Мысалы, тәңірге сену — көкке қарап ант беру, тілек тілеу. Отқа, суға қатысты тыйымдар — «отты баспа», «суға түкірме» деген ұғымдар от иесі, су иесі бар деген сенімнен туған. Шаманизм белгілері — адыраспан түтету, көз тиюден сақтану, жын қуып емдеу — бұл да халқымыздың наным-сенім жүйесінің бір бөлігі, — дейді ғалым.

Әлия Бижанова уақыт өткен сайын кейбір ырым-тыйымдар өз маңызын жоғалтып келе жатқанын жеткізді. 

— Мысалы, «айт күндері ет жеуге болмайды» деген түсінік исламға дейінгі кезеңнен қалған, ал исламда керісінше құрбандық шалу міндетті. Немесе «жүкті әйел айнаға көп қарамауы керек» деген тыйым бүгінде медицина тарапынан дәлелденбеген.Қазіргі заманда ғылым мен технологияның дамуы, қалалық өмір салтының күшеюі, жаһандану үдерісі ырым-тыйымдардың көп бөлігін жойып жібермесе де, олардың мәнін өзгертіп жіберді. Әйтсе де, кейбір ырымдар әлі де символдық, мәдени, психологиялық, тәрбиелік тұрғыда өз маңызын сақтап отыр. Қазақ ырым-тыйымдары — көненің сарқыншағы емес, қазіргі этнопедагогика мен этнопсихологияда зерттелуі тиіс маңызды дереккөз. Ғалымдар мен этнографтар ырым-тыйымдарды зерттеп, заманауи көзқараспен зерделеу және ұрпаққа түсінікті түрде жеткізуге міндетті, — деді ол.