Қазақ халқына бір күн ғана емес, мәңгілік алғыс айтып өтеміз – Фарид Аюпов

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Фарит Аюпов «Алғыс айту» күні мерекесі бір күнмен шектелмеуі керектігін айтты.

Фото: Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі

«Менің ойымша, бұл – тамаша мереке. Сонау аумалы-төкпелі заманда түрлі ұлт өкілдері Қазақстанға жер аударылды. Сол кезде өзге деп өгейсінбей, өзектен теппей, бауырмалдық көрсеткен қазақ халқының кеңпейілділігін бабаларымыз жыр етіп айтатын. Сондықтан қазақ халқына бір күн ғана емес, мәңгілік алғыс айтып өтеміз. Себебі, жақсылықты бағалай білуге, оған жақсылықпен жауап қайтаруға тиіспіз. Мұның өзі өзара сыйластық пен құрметке жетелейді» - дейді Фарит Аюпов.

Сондай-ақ, Фарид Ғалымұлы өздері қиналып отырса да, тағдырдың тәлкегімен жер ауып келген мыңдаған адамды аман алып қалған қазақтардың сол бір рухани ерлігі ешқашан да ұмытылмайтындығын жеткізді. Мерекемен көпшілікті құттықтап, қазақ халқына алғыс айтты.

«Бүгінгі күні Қазақстан халқы тату-тәтті, бірлікте, ынтымақта тіршілік етуде. Жер аударылған адамдардың өздері де, бүгінгі ұрпақтары да Қазақстанды Отанымыз деп санады. Осында өсіп-өніп, ел дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Елдің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға үлес – өздеріне құтты қоныс бола білген елге деген құрмет деп білемін. Алғыс айту күні адамдарды жақындастырып, сыйластықты арттырады. Бұл – талассыз шындық. Сондықтан бүгінгі мерекеде қазақ халқына алғыс айта отырып, барша қазақстандықты осы мерейлі мерекемен құттықтаймын» - деді ол.