Қазақ халқына алғыс ретінде ескерткіш тұрғызылатын болады - ҚР Корей қауымдастығы

АЛМАТЫ. 13 наурыз. ҚазАқпарат -  Қазақ халқына алғыс ретінде ескерткіш тұрғызылатын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігіне ҚР Корей қауымдастығының жауапты хатшысы   Зүлфия Темірғалиева мәлім етті.

Ескерткіш  Алматы облысы, Үштөбе қаласының Бастөбе тауының етегінде бой көтермек. Бұл жер 1937 жылы Қиыр Шығыстан  зорлықпен жер аударылған корейлердің түскен жері болып табылады. Биыл корейлердің Қазақстанда тұрып жатқанына 75 жыл болады. 

Жер аударылған этностар атынан  қазақ халқына алғыс ретінде тұрғызылатын ескерткіш  биылғы жылдың 31 мамырында, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ашылады деп жоспарлануда.