Қазақ халқының балаға шаш қою дәстүрі туралы не білеміз?
Қазақтың көшпелі қоғамында адам шашы ерекше қастерленгендіктен, ер балаға шаш қоюдың да, қыз баланың шашын өсірудің де өзіндік қағидалары болған. Сол ғұрыптық мәдениетіміз кеңестік дәуір саясатының астында көміліп жатып, енді қазақтың бүгінгі жаңа қоғамында балаларымыздың бойында өзіндік жарасымын тауып, тіптен сәнге айналып келе жатыр десек, артық айтқандық емес. Ер балаларға қойылатын «айдар шаш» - бүгінгі заман үшін экзотикалық көрініс. Ал қазіргі заман осындай экзотикалық элементтерді ұнататын және соған құштар заман. Екінші жағынан бұл - балаға өте жарасымды да. Осындай «айдар шаш» қоюдың мағынасы да, ежелден келе жатқан бұл ескі дәстүрдің көне сыры да көрікті... Қазақта «айдарлы бала - айбарлы бала» деген сөз бар. Айдар шаш ер баланы тіл мен көзден сақтайтын көрінеді. Сондықтан да ата-ана баласы бір жасқа толғанда, оның қарын шашын алып, төбесіне бір өрімдей ғана шаш қалдырып, оны өсіріп, көзді маржан, қаратас тағып, өріп қоятын болған. Айдар койған балаға арнап мал сояды. Ауылдағы ақсақалдарды шақырып, баласына бата алады. Өнерлі немесе батыр, ортасында сыйлы адамдардың орнына баланы аунатып, «балам осы адамдай болып өссін» деп тілек тілейді. Бірақ «айдар шашты» баланың бәріне бірдей қоя бермеген деген де сөз бар. Негізінен зарығып көрген балаға айдар қойған дейді. Ал ертеде көп жағдайда хан ұрпақтары, бай-манаптар өздерінің ең жақсы көрген және өзінің орнын басады-ау деген балаларына ғана айдар қойған екен. Айдарды он екі жасқа толғанда алып, алғашқы мүшел жасының құрбандығы ретінде ел-жұртқа көрсетіп, мал сойып, баласының ержеткендігін паш етіп, елдің батасын алатын да салт бар. Қазір көшеден тұлымшақты қыз балаларды да жиі кездестіре бастадық. Бұл да өзіндік бір жарасымдылық. Қыз бала бір жасқа толғаннан кейін оның да қарын шашын алып, екі шекесіне екі шөкім шаш қалдырады. Оны «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп атаған. Тұлымды да қыз балаға көз тимесін әрі қызымыз сұлу, сымбатты болып өссін деп ырымдап қойған. Осы жастан бастап қыз баланың шашын алмай, қарын шаштан қалған тұлымын кейін жетіліп өскен шашына қосып өріп өсірген. Ал қыз балаға да, ер балаға да ортақ тағы бір шаш қоюдың түрі «кекіл қою» деп аталады. Онда баланың шашын ұстарамен жалтырата қырып, маңдайына таяу жерден бір шөкім шаш қалдыратын болған. Кекіл қою да ғасырлар бойы ортамызда сақталған дәстүр. Кекіл баланың сүйкіміне сүйкім қосады, кекілінде ата-ананың арман тілегі, балаға деген мейірім мен сүйіспеншілігі жасырынған. Үлкендер сәбидің кекіліне періште ұялайды деп ырым еткен. Мақаламыздың басында айтқанымыздай, шаш қоюдың осы үш түрі де бүгінгі таңда қайта жаңғырып, айдарлы ұлдарды, тұлымшақты қыз балаларды, кекілді сәбилерді жиі көретін болдық. Ескі дәстүр жаңа заманның сәніне айналды. Демек, қазақы салттың қай-қайсысының да өміршең екендігінің бұл да бір дәлелі. Әлем халықтарының ішінде балаға шаш қоюдың өзіндік дәстүрлері тек қана біздің қазақта емес, шығыс халықтарының көпшілігінің тұрмысында әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын айта кеткеніміз орынды. Мысалы Таиланд халқы аурушаң балаға тұлым не айдар қойса, сауығып кетеді деп сенген. Сондай-ақ, өте сүйкімді балаларды жын-пері айналдырғыш келеді деп, жын періні үркітетін тек қана тұлым шаш деп есептеген. Ал осыған ұқсас мағынада көбінесе сыртқы тылсым күштерден қорғайды деген сеніммен баланың шашын түрлі пішінде өсіретін елдердің қатарында қытайлар, кәрістер, мысырлықтарды атауға болады. Әйтеуір, көптеген халықтардың шашты баланың бірден-бір қорғаушысы әрі қорғаныс қабілетін арттыратын ерекше тылсым күшке ие деп есептейтіндігі шындық. Бақытжол Кәкеш