Қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болғаным сондай, өзімді үйге келгендей сезіндім - Чжоуто Шың, керуенбасы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болғаным сондай, өзімді үйге келгендей сезіндім. Бүгін Алматыда «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында «Қытай-Қазақстан» достық және ынтымақтастық керуенінің басшысы Чжоуто Шың осылай деді.

«Қытай-Қазақстан» достық және ынтымақтастық керуені Қытайдың Шэньси провинциясының Сиань қаласынан былтыр 19-шы қыркүйекте шыққан еді. Біз жолда шөлейтті жерлермен де, қарлы тау асуларынан да, жолмен де жолсызбен де жүріп өттік. Әрине, шаршадық. Ал Қазақстан шекарасын биыл 2-ші қыркүйекте басып өттік. Содан бері 400 шақырымнан астам жер артта қалды. Қай қала, қай ауылдың маңына келіп тоқтамайық, жергілікті халық бізді құшақ жайып қарсы алып жатты. Мен қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болғаным сондай, өзімді үйге келгендей сезіндім», - деді керуенбасы.

Сонымен қатар, ол керуеннің қазақстандықтарға шай алып келе жатқандығын жеткізді.

«Біздің керуенде 136 қосөркешті түйе мен арбаға жегілген 8 ат бар. Барлығы 80-нен астам адам керуенді алып келе жатыр. Олардың ішінде керуеншілер, мал дәрігерлері, аспаздар, тілмаштар, шай дайындаушы шеберлер, жүкшілер тағы басқа да адамдар бар. Біздің түйелеріміз бен атарбаларға ішіне кірпіш шай салынған ағаш сандықтар артылған. Бұл - Шэньси өлкесінде 1368 жылы ашылған «И цзе Фу» деп аталатын қара шай. Неге осы шайды алып келе жатырмыз? Өйткені шай - көне заманда Ұлы Жібек жолы арқылы тасылатын маңызды тауарлардың бірі болған. Оның үстіне қазақ халқы етті, майлы тамақта көбірек тұтынатын халық қой. Біз сондықтан осы Дияндық «И цзе Фу» шайын алып келе жатырмыз. Оны аялдаған жерлерімізде жергілікті тұрғындарға сыйға тартып жатырмыз. Және даярлау әдісін үйретеміз. Бұл - емдік шай. Ол адамның қан қысымын, қант көлемін азайтады, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді және артық салмақты жояды», - деді Чжоуто Шың.

Айта кетелік, керуен күніне 25 шақырыман жүріп отырады. Оның соңғы аялдамасы - Тараз қаласы. Жоспар бойынша керуен Жамбыл облысының орталығына алдағы 7-ші қазанға дейін барып жетуі тиіс.