Кітап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді.
Басылымның жалпы редакциясын басқарған, филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбайұлының айтуынша, кітаптың басты ерекшелегі - онда ХVIII-ХIХ ғасырда Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Алматы қалаларында араб әрпімен басылған жинақтарда жарияланған мақал-мәтелдердің таңдаулы үлгілері берілген. «Сонымен қатар, бұл кітапқа бұрынғы жинақтарға енбеген жүздеген жаңа мақал-мәтелдер қосылды. Олар Қазақстан Ғылым академиясының қолжазбалар қорынан алынды»,-деді ол.
Тұсаукесер барысында Сұлтанғали Садырбайұлы: «Мақал мен мәтелге бай халықтың бірі - қазақ тілі», деп атап өтіп, «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдерін жинауда, зерттеуде В.Радлов, А.В.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ә.Диваев, Ш.Уәлиханов, Ө.Тұрманжанов, С.Аманжолов секілді ғалымдардың еңбегі зор. Алғаш рет қазақ мақалдары Еуропа халықтарына ХІХ ғасырда мәлім болды. Мақал мен мәтел құстың екі қанаты секілді бір-бірімен байланысты. Бірақ олардың араларында аздаған өзгешеліктері мен айырмашылықтары болады. Мәселен, мақал сөзде адамның нәзік сзімдері мен терең ойлары ашық айтылады, дәлме-дәл көрсетіліп, бейнеленеді. Ал, мәтел сөздің сыры: белгілі бір құбылысты астарлап, жұмбақтап, бейнелеп айтады»,-деді.
Шара барысында профессор тұсаукесерге жиналған студенттерге бірнеше халық мақал-мәтелдерді айтып, оның негізгі ойы неде жатқандығын түсіндіріп берді.
Профессор Сұлтанғали Садырбайұлы өзінің 50 жылдық ұстаздық қызметінде қазақ халқының фольклоры мен халық ақындары шығармашылықтары турасында дәрістер оқып, ұлы ақындар Сүйінбай мен Жамбылдың әдеби мұраларын жинастырып, жаңаша көзқарас тұрғысынан зерттеп, жыр жинақтарын том-том етіп бірнеше дүркін жарыққа шығарып жүрген ғалым.