Қазақ халқының салт-дәстүріне ерекше мән беремін - цирк әртісі Тунгалат Осельбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ халқының салт-дәстүрін ерекше қастерлеймін. Бұл туралы бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуден кейін цирк әртісі Тунгалат Осельбаева мәлім етті.

Мереке қарсаңындағы бұл кездесу өте жақсы өткеніне тоқталған ол: «Осында шақыртылған нәзік жандылардың барлығы айрықша құрмет үшін қанаттанып шықты. Бүгін алғаш рет Президентпен бетпе-бет кездесіп отырмын және Елбасыны қарапайым, ашық адам ретінде таныдық. Сондықтан мен үшін биылғы мереке айрықша өтіп жатыр деп айтамын», - деді.

«Қабылдау кезіндегі әңгіме барысында Мемлекет басшысы менің қызметіме таңғалып, арыстандарды неше айлығынан бастап үйретесіңдер деп сұрады. Мен өз кезегімде кейбір арыстанды 3-5 айлық кезінен, ал кейбірін 1,5 жас кезінде алатындығымызды айттым»,-деді ол.

Айта кетейік, 47 жасар Т. Осельбаева - Қазақстанда арыстандарды үйретуші жалғыз әйел. Ол бүгінде астаналық циркте қызмет етеді. Әртістің туған жері - Бурятия Автономды Республикасы.