Қазақ хандығында құрылтай мүшелері қалай анықталған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақ тарихында құрылтай ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын саяси жиын болған. Хан сайлау, соғыс пен бітім жасау, ішкі және сыртқы саясатқа қатысты шешімдер қабылдау кезінде оның маңызы зор еді. Оған хандар, сұлтандар, билер, батырлар мен ру басылары қатысқан. Ал құрылтай мүшелері қалай таңдалды? Қазақ даласында қазіргі түсініктегі сайлау жүйесі болды ма? Kazinform тілшісі қазақ даласындағы құрылтай институтының тарихына үңіліп көрді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Нояновтың айтуынша, құрылтайға ұқсас кеңес құру дәстүрі қазақ мемлекеттілігінен де ертерек қалыптасқан. Б.з.б. II ғасырда қытай тілінде жазылған «Шицзи» («Тарихи жазбалар») еңбегінде ғұн мемлекетінде 24 тайпа өкілінен құралған Ақсақалдар кеңесі болғаны айтылады. Ғұн тәңірқұты маңызды шешім қабылдамас бұрын осы кеңеспен ақылдасып отырған.

Ал құрылтай институты Шыңғыс хан заманынан бастау алады. Бұл жиынға негізінен Шыңғыс хан ұрпақтары, яғни төре тұқымының өкілдері қатысқан. Құрылтайда елдің тағдырына әсер еткен маңызды шешімдер қабылданған екен.

— Мәселен 1251 жылы Қарақорымда өткен құрылтайда Шыңғыс ханның ұлдары Жошы мен Төле ұрпақтарының билігі заңдастырылып, Үгедей ұрпақтарының билігіне шектеу қойылды. Ал осы шешімнен кейін 1269 жылы Талас өзені бойында жаңа құрылтай өтті, — деді тарихшы.

Талас құрылтайына Жошы, Шағатай және Үгедей әулеттерінің өкілдері қатысып, Моңғол империясын ыдыратты. Нәтижесінде оның орнына бірнеше дербес мемлекет қалыптасты:
— Дешті Қыпшақ аумағында Алтын Орда,
— Иранда Төленің немересі Құлағу немесе Елхандар мемлекеті,
— Қытайда Құбылай мемлекеті,
— Мәуереннахр мен Шығыс Түркістанның басым бөлігінде Шағатай мен Үгедей ұрпақтарының иеліктері болды.

Ал Қазақ хандығы Жошы ұлысының негізінде құрылған Алтын Орда мен Ақ Орданың саяси мұрагері саналады. Сондықтан құрылтай институты қазақ қоғамында да мемлекеттік басқарудың маңызды тетіктерінің бірі болды.

Құрылтай қандай мәселелерді шешті?

Қазақ хандығында құрылтай ел басына күн туған кезеңдерде, сондай-ақ мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайына қатысты күрделі мәселелерді шешу үшін шақырылған.

Мәселен, 1710 жылы Арал теңізі маңында өткен Қарақұм құрылтайында жоңғарларға қарсы күш біріктіру мәселесі қаралды. Ал 1726 жылы Ордабасыда өткен құрылтайда үш жүздің әскери күшін біріктіріп, жоңғарларға қарсы азаттық күресін бастау туралы шешім қабылданды.

Құрылтайға кімдер қатысқан?

Нояновтың сөзінше, құрылтайға хан, кейінгі кезеңдерде үш жүздің хандары, сұлтандар, ру басылары, билер, беделді батырлар мен ел ішіндегі абыройлы ақсақалдар қатысқан.

Қатысушыларды ру-тайпа басшылары өз ортасындағы беделді адамдардың арасынан ұсынған. Оларға қойылатын талаптар да болған. Атап айтқанда, ел басқаруда тәжірибесі бар, өз руы мен тайпасының мүддесін қорғай алатын, қажет жағдайда қол бастап, елді жаудан қорғаған тұлғаларға басымдық берілген. Сонымен қатар шешендік өнері ескерілген.

Құрылтайға қатысу үшін белгілі бір әлеуметтік топқа жату емес, ел ішіндегі ықпал мен бедел де маңызды болған.

Құрылтай жұмысы ханның немесе жиынды ұйымдастырушы тараптың қаралатын мәселені ортаға салуынан басталған. Одан кейін қатысушылар кезекпен пікір білдіріп, өз ұсыныстарын дәлелдермен негіздеуге тырысқан.

Тарихшының айтуынша, шешім қабылдауда көпшіліктің пікірі маңызды рөл атқарған.

— Жиында ханның өзі немесе ұйымдастырушы тарап қаралатын мәселені көпшіліктің назарына ұсынған. Өз кезегінде қатысушылардың пікірлері тыңдалған. Әрбір сөз алушы өзінің ұсынысын дәйекпен негіздеп, дұрыс шешім қабылдануына ықпал етуге тырысқан. Ең соңғы шешім қатысушылардың пікірлері негізінде қабылданған хан жарлығы түрінде көрініс тапқан, — дейді маман.

Қазіргі түсініктегі ресми дауыс беру жүйесі болғаны айтылмаса да, ортақ мәмілеге келу және көпшіліктің қолдауы шешімнің қабылдануына ықпал еткен.

Құрылтайға қарапайым халық тікелей қатыспаған. Дегенмен олардың мүддесі ру-тайпа өкілдері арқылы жеткізілген. Әсіресе жер дауы мен жесір дауы сияқты мәселелер қаралғанда екі жақтың да уәждері тыңдалған. Алайда сарапшы құрылтайға қатысқан билер мен батырлар арасында кейде әділдікті емес, өз руы немесе жүзінің мүддесін ғана алға тартқандар болғанын да айтады. Сол себепті бірнеше тараптың болуы маңызды.

— Мұндай дауларды шешуде қарсылас тараптардың шешендері маңызды рөл атқарған. Олардың сөз саптауы, дәлел келтіруі мен қисынды жауап беруі даудың қалай шешілетініне ықпал еткен, — деді ол.

Құрылтай хан билігіне әсер ете алды ма?

Құрылтайдың маңызды қызметтерінің бірі — хан билігіне ықпал ету. Оның аясында хан сайлау, билігін мойындау, соғыс пен бітім жасау сияқты ел тағдырына тікелей әсер ететін мәселелер талқыланған.

Тарихшының айтуынша, хан көп жағдайда соңғы шешімді өзі қабылдап, мәселенің түйінін кескен. Дегенмен билер кеңесі де ханға елеулі ықпал ете алған.

Маман XVI–XVII ғасырлардағы қазақ хандарының билігі мен XVIII ғасырдағы хан билігінің арасында айырмашылық болғанын айтады. Оның пікірінше, кейінгі кезеңде билердің ықпалы артып, хандардың құрылтай шешімдеріне әсер ету мүмкіндігі төмендеген.

Мәселен Тәуке хан тұсында жүргізілген реформалардан кейін билердің мемлекеттік басқарудағы ықпалы күшейді. Кейін бұл жағдай хан билігінің әлсіреуіне әсер еткен екен.

Қазақ даласындағы құрылтай тарихы мемлекеттік маңызды шешімдерді бір адамның ғана емес, ықпалды тұлғалардың қатысуымен талқылау дәстүрі ертеден қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен бірге бұл институттың қызметі елдің саяси жағдайына қарай өзгеріп, уақыт өте келе билік пен қоғам арасындағы қатынастың сипатына да әсер еткен.