Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің мәні мен бүгінгі таңдағы тарихи маңызын ашу, Тоныкөк абыз тасқа қашап, Асанқайғы армандаған, кешегі Алаш қайраткерлері өсиет еткен, бүгінгі қазақ ұрпағы жүзеге асыруға серт беріп, бел буған «Мәңгілік ел» мұратын жас ұрпаққа насихаттау. Сонымен қатар, батыр бабаларымыз Қабанбай, Бөгенбай, Баян, қаһарман хандарымыз Қасым хан, Хақназар, Тәуекел, Есім хан, Әз-Тәуке, Абылай хан мен Кенесарының ерлік істерін және елдің бірлігін даналығымен ұйытқан би-шешендеріміз Бұқар жырау, Нысанбай жырау, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің отансүйгіш өнегесін жастарға үлгі ету.
Мүшәйраның шарты бойынша, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен «Мәңгілік ел» идеясы тақырыбында жазылған 1 өлең және еркін тақырыптағы 1 өлең қабылданады. Басқа да қосымша шарттар «Әдебиет порталында» берілген.