«Қазақ хандығы - Алтын Орданың заңды мұрагері» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 қыркүйек, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ хандығы - Алтын Орданың заңды мұрагері» деген мақала жарияланды. «Иә, дәл солай! Біздің, яғни, исі қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын, абыройын асқақтататын, тәуелсіздігінің мәңгілік кепілі болатын, тарихи тұғырын мығым бекіткен ұлы тұжырым осы! Кеше ғана Қазақ хандығының құрыл­­­ғанына 550 жыл толуы қарсаңында: «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай аталып жатқан мемлекеттік шара - кие­лі шара. Бұл - қазақ ұлтының ұлт­тық санасын ұйытатын ұлы мүмкін­дік. Әлмисақтан бергі мұқым көш­пелілердің әлемі мен кеңіс­тігін қамтитын ұлы көшпе­лілер өрке­ниетінің мысы мен бәсі екшелетін тұс. «Алтын Орда» импе­риясының заңды мұрагері - Қазақ хандығы бар екендігін дүние тарихына мойын­дататын аса жауапты әрі ең мүд­делі, ең шағымды кезең. Біздің мем­лекетіміз болды ма, жоқ па - деген күдік тудыратындардың дәмесін мәңгі өшіріп тынатын, керісінше өзіміздің рухымызды асқақтата көтеріп, солардың мысын иығынан басатын деңгейге көте­рілетін шақ осы. Біз бүгін қазақ мем­лекетінің айбыны мен тари­хын қалай ұлықтай аламыз, халық­аралық қауымдастыққа қандай тұ­жырым жасата аламыз, міне, ұлты­мыздың бүгіні ғана емес, ерте­ңі де осыған тікелей байланысты»,-делінген мақалада. Бас басылым елімізге белгілі азамат, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, ақын Жүрсін Ерманмен арадағы сұхбатты беріп отыр. Алдағы бір айдың ішінде ғана Алматы мен Таразда екі бірдей дүбірлі үлкен айтыс өтпекші.

«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қорытынды айтыс алдағы қазан айының 8-9-10-ы күндері Тараз жерінде өтеді деп ұйғардық. Қазір соған қызу дайындық жүріп жатыр. Ең суырыпсалма, көзге түскен көсем жүйріктерді сол аламанға баптаудамыз. Қытайдағы қандастарымыз қайта-қайта хабарласып, «Нұр Отан» партиясындағы азаматтарға шыққан соң, ақыры, олардың өтініштерін құп алдық. Сөйтіп, Қытайдан бірнеше ақын бауырларымыз келіп, айтысқа түскелі отыр. Енді бұл халықаралық айтыс болғалы тұр»,-дейді Ж. Ерман. Осы жайында «Алматыда ту тіккен аламан айтыс» атты сұхбатта толғырақ берілген.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы көрсеткіштеріне қарағанда,елімізде 34 мыңнан астам адамнан құралған 5,4 мыңнан астам құқық қорғау ба­ғытында қызмет атқаратын қоғамдық құрылымдар бар екен. Олардың қатысуымен 1,7 мыңнан астам қылмыс ашылып, 23 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылар анықталған.Мұның барлығы жақсы көрсеткіштер, алайда прокурорлық тексеріс нәтижелерінде анықталғандай осындай құрылымдар­дың жұмысының формальды түрде жүргізілетінін есепке алар болсақ, бұл әлі де жеткіліксіз болып шықты. Сол себепті, бүгінгі күні құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп отырған реформаның басты мақсаты - полиция мен қоғамды бір-біріне жақындас­тыра отырып, оны азаматтардың мәселелерін тиімді шешілуіне бағыттау болып табылады. Бұл жайында « Қоғам полицияға көмектесуі тиіс» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Құрылыс компаниялары доллардан бас тартты» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Елімізде бұдан былай құрылыс компаниялары баспананы шетел валютасына сатпайтын болады. «Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» тұрғын үй құрылысын дедолларизациялау саясатын қабылдады. Бұл туралы кеше ресми хабарланды. Аталған қауымдастық кеңесі отырысының қорытындысында шаршы метрлер бағасын доллармен есептеу тәжірибесінен бас тарту туралы шешім шығарылған.

Осы шешімге сәйкес, салалық қауымдастық мүшелері жыл­жымалы мүліктің құрылысы және сатылуы барысында доллар­ды төлем құралы немесе оның баламасы ретінде пайдалану­дан бас тартуға ниетті. Бір айта кетер жайт, аталған ұйым құрамына Қазақстан­ның 14 ал­пауыт инвестициялық құрылыс және холдингтік ком­па­ния­лары кіреді. Дегенмен еліміздің әрбір өңірлерінде басқа да құрылыс компаниялары жетерлік. Олар бұл саясатты ұстана ма? - Енді қауымдастыққа кіретін құрылыс компаниялары жаңа тұр­ғын үйлердің бағаларын тек ұлттық валютада ғана бел­гілейді! - деп түсіндірді қауымдастық кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев. - Осы саясат нарықтың басқа да қа­тысу­шыларынан талап етіледі. Қауым­дастық құрылыс мате­риалдары мен қызметтерін жеткізушілермен қарым-қаты­нас­тарын да қайта қарауды жоспарлап отыр. Біз оларды өзара есеп айырысуда ұлттық валютаға басымдық беруге итермелейміз. *** «Ана тілі» газетінің соңғы санында «Нұрбай батыр жөніндегі деректер неге бұрмаланды?» деген мақала берілген. Қазақ жұртының іргелі ел, қабырғалы халық болуына және даламызға қызыққан кез келген жауға тойтарыс беріп, ұлан-ғайыр жерімізді бүгінгі ұрпағына мұра етіп қалдыруға ұлтымыздың батырлары өлшеусіз үлес қосқанын тарихтан білеміз. Сондай қазақ халқының бірегей батырларының бірі - Нұрбай батыр. Ол елінің бірлігі мен болашақ тірлігін ойлаған, елдің тұтастығын сақтап қалу мақсатында бүкіл өмірін күреспен өткізіп, халық жадында данышпан саясаткер, қаһарман қолбасшы ретінде жатталып қалған. Ол 77 рет жау­мен шайқасқа түсіп, бәрінде де жеңіске жеткен. Сондықтан да қазақ халқының тағдырында ерліктің айбынын көрсетіп, елдің қорғаны болған дулығалы батырлардың ішінде Нұрбай баһадүрдің алар орны ерекше.

Қалмақтарға қарсы Есім хан бастаған жорыққа он сегіз жасар Нұрбай да қатысқан. Бұл 1627 жыл болатын. Нұрбай Қорғастағы шайқаста Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі -Қоту - Қойсынның інісі Барғаймен жекпе-жекке шыққан.