Қазақ хандығы құрылуындағы Сығанақ шайқасының рөлі
Аралдан солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы, Шайбани әулетінің екінші бір тұқымы Мұстафа хан Атбасарда, үшінші бір тұқымы Махмұд Қожа - Тобылда. Жазба тарихи деректерде бұл феодалдық иеліктер «Көшпелі өзбектер» хандығы деп те аталған. Бұл ұлыстардың арасында жер үшін, билік үшін тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар үнемі болып тұрған.
Осы талас-тартыстар нәтижесінде Жошының Шайбан ұрпағынан тараған Дәулет-Шайхоғылының баласы 17 жасар Әбілхайыр жеңіске жетті. Ол 1428 жылы Батыс Сібірде Тура (Түмен) қаласында хан болып жарияланды. Оны Шайбани ұлысына кірген рулар мен тайпалардың 200-ге жуық ірі өкілдері қолдаған. Халқының құрамы негізінен бұрынғы Ақ Ордаға кірген түрік және түріктенген түрік-моңғол тайпалары болатын. Әбілхайыр бұл мемлекетті қырық жыл басқарды. Дегенмен, елдің саяси жағдайы үнемі тұрақсыз болатын. Беделді сұлтандар көп жағдайда онымен келіспей, қарсы шығып отырған. Оған қарсы уәж айтқандар ішінде кейіннен Әбілхайыр хандығынан біршама елді бөліп алып, қазақ хандығын құрған, Барақ ханның тұқымы Керей мен әз Жәнібек те бар еді.
Әбілхайыр 1430 жылы Шайбан ұрпағы Махмұд Қожа ханды, ал, 1446 жылы Мұстафа ханды талқандайды. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. Бұл ағайынды Шайбани ұлысы мен Ақ Орда ұлысы ру-тайпаларының арасындағы қырғиқабақ қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті. Мемлекет ішінде бірлік болмады. Басып алған жері қанша кең болғанымен, береке мен ынтымақ жоқ. Жекелеген рулар мен тайпалар бөлініп шығуға ұмтылды. Мұның барлығы хандықтың өзге елдер алдында дәрменсіз күйге ұшырауына алып келді.
Әбілхайыр 1956 жылы басталған Үз Темір Тайшы басқарған ойраттармен шайқаста күйрей жеңілді. Бұл қанды қырғын бір жылға созылды. Тарихи әдебиеттерде ұрыстың Сығанақ қаласының түбіндегі Көк Кесене деген жерде болғаны айтылады. Шайқастың салдары Әбілқайыр хан үшін ауыр болғаны белгілі. Ұрыста «көшпелі өзбектердің» әскер басылары - Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтан қаза тапты. Ханның өзі Сығанақ қаласына тығылды. Ал, қалмақтар жергілікті өңірдегі тұрғындарды емін-еркін тонады. Әбілқайыр хан үш жасар немересі Махмуд сұлтанды қалмақтарға аманат ретінде беруге мәжбүр болған. Бір топ тарихшылар бұл жағдайды, яғни хан немересінің аманатқа берілуін Әбілқайыр ханның қалмақ тайпасының жоғарғы билігін мойындауымен түсіндіреді. Осы тақырыпты қаузап жүрген тарихшылардың бірі, профессор Б.Кәрібаев бұлай ойламайды.
Оның пікірінше, Әбілқайыр хан Үз Темір тайшының саяси билігін емес, оған белгілі бір көлемде салықтар мен төлемдерді жыл сайын төлеп тұруға міндеттенген секілді. Ал соның кепілдігіне үш жасар немересін берген. Дегенмен, жеті жылдан кейін Махмуд сұлтан аман-есен өз еліне қайтарылған. Жалпы алғанда, 1457 жылғы шайқас - Әбілқайыр хандығындағы барлық қайшылықтардың бетін ашып, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің саяси тарихында бір кезеңнің аяқталып, келесі кезеңнің яғни, күйреу кезеңінің басталғандығын дәлелдеп берді. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуі - соған айғақ бола алады.
Қалмақтан жеңілген Әбілқайыр хан өзін қолдамағандарға қарсы жазалау шараларын жүргізген. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханға қарсы топтың жетекшілері болғандықтан ханның негізгі соққы бағыттары өздері мен ұлыстарына бағытталатынын білді. Нәтижесінде олар хандықтағы халықтың жартысын бастап, Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барды. Бұл туралы Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде де айтылып өтеді. Сөйтіп көшкен жұрт 1459 жылы Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына қоныс тепті. Осы маңда қазақ хандығы құрылды. Көп ұзамай Әбілхайыр хандығы құлап тынды. Жанат Қапалбаева