Қазақ хандығына 550 жыл: Батысқазақстандық театр «Жәңгір ханды» сахналады (ФОТО)
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған туындыны театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов қойса, суретші Мұрат Мәмбетов те біраз еңбек сіңірген. Жәңгір ханды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов бейнелесе, Махамбетті сахнаға театрдың директоры Қуаныш Амандықов алып шықты. Фатиманы Жанаргүл Құрманғалиева сомдаса, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сердеш Қажымұратов (император), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева (императрица), мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов (Қарауыл қожа) сынды театрдың белді әртістері өз рольдерін барынша нанымды шығарды.
Спектакльдің өн бойынан қазақ даласын отарлаушылықтың салқыны сезіліп тұрады. Исатайдың өлімі туралы хабарды естіген Жәңгір хан күйзелісі оның өзі ашқан мектептің алғашқы шәкірттерін Орынборға жібергендегі қуанышты көңіл-күйімен ауысады. Енді бірде Ковалевскийдің керуенін тонағанды сылтау етіп, Махамбетті таппақ болған казак әскерінің қанқұйлы әрекеті өздерінің өлімімен аяқталады. Махамбет пен Жәңгір ханның сөзбен текетіресі кезінде бір-бірінің характері ашыла түседі. «Бұлай айтпаса, Махамбет бола ма, оның сөзін көтермесем, мен хан болам ба?» деген хан Махамбетке Жайықтың арғы бетіне өтіп кету үшін қайық ұсынады. Бірақ батыр иілмейді. Екі оттың ортасында қалған Жәңгір ханның ақ патшаның Ордада шіркеу салу туралы талабына көнгісі келмеуі, басқа да әрекеттері оның бабасы Әбілқайыр хан кезінде басталған бодандық қамытынан құтыла алмай, аһ ұруының астарын ашып көрсетеді. Жалпы, қойылымда басы артық оқиға жоқ, тың режиссерлік шешімдері бар. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры биыл Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты халықаралық антикалық өнер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алғаны белгілі. Сондай-ақ, Өскемен қаласында ХХІІІ республикалық театрлар фестивалінде Ұлы Жеңіс тақырыбына арналған шығармалар бойынша бас жүлдені иеленді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың мәлім еткеніндей, батысқазақстандық театр алдағы аптада Атырау қаласында өтетін тағы бір халықаралық фестивальге қатысқалы отыр.