Қазақ хандығына 550 жыл: БҚО-да Бөкенбай батырға арналған шаралар өткізілді (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданында даңқты қолбасшы, саясаткер Бөкенбай Қарабатырұлының есімі құрметпен аталады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде «Қазақ хандығы және баһадүр Бөкенбай батыр» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Онда аудан әкімі Алдияр Халелов өңірде Бөкенбай батырдың есімін мәңгі есте қалдыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынғандығын жеткізді.

Конференцияда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессорлары, филология ғылымдарының докторы Алпысбай Мұсаев, Бөкенбай батырдың ұрпағы Айсұлу Тасимова, Тасмола орта мектебінің директоры Ерлан Айшуақов, аудандық балалармен мектеп тыс жұмыс орталығының директоры Қуаныш Есенов баяндама жасап, азаттық үшін алысып өткен ер туралы деректер келтірді.

Жиында Бөкенбай Қарабатырұлының өмірі туралы биыл түсірілген «Аққұмнан шыққан ақберен» атты деректі фильм (авторы - белгілі тележурналист, ақын Мұнайдар Балмолда) тұңғыш рет көрсетілді.

Сонымен қатар аудан орталығы Шыңғырлау ауылында Бөкенбай батырға көше аты беріліп, ол да салтанатпен ашылды.

Еске сала кетейік, Бөкенбай Қарабатырұлы (ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы - сәуір, 1742, Ақтөбе облысы, Бөкенбай шоқысы) - жоңғар басқыншыларына қарсы күресте біріккен қазақ әскерінің бас сардары болған атақты батыр, мәмілегер, елші. Кіші жүздің Табын руынан шыққан Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханмен тізе қосып, отыз жыл бойы сыртқы жаумен күресті. 1742 жылғы сәуірде түркімендермен болған шайқаста ерлікпен қаза тапты.