Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын барысында тілшілерге берген сұхбатында Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев мәлім етті.
«Бүгін барша халқымыз бас қосып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үлкен мерекенің куәсі болып отыр. Ғасырлардың ішінде қазақ халқы алуантүрлі жолдардан өтті, яғни қиын кездер де болды, бақытты сәттерді де бастан өткерді. Мінеки, бүгінде Тәуелсіз ел болып, өз басымызға шаңырақ көтеріп, үлкен елдік шаруаларды тындырып жатқан кезеңдеміз. Бұл жылдардың ішінде қазақ халқы бірігу, ірілендіру, елдікігімізді нығайту мақсатымен өмір сүрді. Қазіргі жағдайда қазақ елі әлем таныған мемлекетке айналып отыр, өңірімізде көш бастап келе жатқан мемлекетпіз. Алдымызда көптеген мұраттар бар, осы орайда үлкен мақсат-міндеттер тындырылып жатыр. Біздің мақсатымыз - «Мәңгілік ел» болу»,- деп тоқталды Өмірзақ Озғанбаев.
Осы орайда ол Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жастар арасында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатындығын атап өтті.
«Бүгінгі өткізіліп жатқан шаралардың барлығы Қазақстанның іргелі мемлекет екенін, тамырымыз тереңде жатқандығын көрсетіп отыр. Осы мерекеге дайындық аясында көптеген материалдарға талдау жасалып, шетелден құнды деректер жеткізілді. Тарихи-мәдени ескерткіштеріміз жаңғыртылып, қалпына келтірілді. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығы тарихымызға қайтадан тереңірек үңілуге мүмкіндік берді»,- деді Ө. Озғанбаев.