«Бозкілемде Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінің командалары кездеседі деп күтілуде. Әрбір құрамада жеті балуан күреседі. Биылғы ерекшелік салмақ дәрежесінде бірқатар өзгерістер бар. «Еуразия Барысында» балуандар командалық сында 55 келі, 66 келі, 74 келі, 82 келі, -90 келі, -100 келі және 100 келі салмақ дәрежесінде күреседі. Турнирде қазылық жасайтын халықаралық төрешілер құрамында қатысатын мемлекеттің өкілдері де кіреді», делінген баспасөз баянында.
Қазақ күресінен халықаралық «Еуразия Барысы» турнирі ең алғаш рет 2013 жылдың желтоқсан айында өткен болатын. Оған Еуразия құрлығының 8 мемлекетінен балуандар қатысты. Бұл жарыс «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының «Қазақстан Барысы» мен «Жас Барыс» жобасынан кейін қолға алған үшінші жобасы. 2013 жылғы турнир жеңімпаздары отандастарымыз - Қазақстан құрамасы. Олар финалда Моңғолия құрамасынан 4:1 есебімен басым түсті. Екінші рет ұйымдастырылған турнир 2014 жылдың қараша айында Балуан Шолақтың 150 жылдық мерейтойына арналды. Оған Әзербайжан, Қытай, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Украина елдерінің командалары қатысты. Финалда екінші рет Моңғолия құрамасы Қазақстан құрамалары кездесіп, моңғол балуандары жеңімпаз атанды.
«Еуразия Барысы» халықаралық турнирін тікелей эфирде 7 сағат бойы әлемнің 126 мемлекеті тамашалады. Биылғы халықаралық көрсетілімдіде түркиялық «ТРТ Аваз» бен ресейлік «Боец» арналары тікелей эфирде ұсынатын болады.Ал елімізде «Қазақстан», «KazSport» және «КТК» арналары көрсетеді.