ҚХЛ-дің ресми сайты хабарлағандай, хоккейдегі «гол-пас» жүйесі бойынша Т.Жайлауов 13 ұпай жинады. Жаңа маусым басталғалы бері ол үш шайба соғып, 10 нәтижелі пас берді. Атап айтқанда, «Авангардпен» болған ойында Т.Жайлауов бір шайбамен көзге түссе, «Автомобилистке» қарсы матчта екі бірдей шайбаның авторы атанды. Ал кеше «Донбасспен» өткен ойында ол тағы екі нәтижелі пас беріп, «Барысты» жеңіске жетеледі. Бүгінде Құрлықтық хоккей лигасының үздік шабуылшылары тізімінде Т.Жайлауов көш бастап тұр. Оның әріптесі - Наджел Доус үшінші орында.
Айта кетейік, Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген Астана қаласының «Барыс» хоккей клубында қазақтың тек бір хоккейшісі ғана ойнап жүр. Ол - Талғат Жайлауов. Одан бөлек, Нұрсұлтан Белгібаев пен Данияр Қайыров та бар. Алайда олар мұз айдынына шықпай жүр.