***
«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде Мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтің «Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек. бірақ...» деген мақаласы жарық көрді. Бүгінгі күнгі еліміздегі діни ахуалдың алаңдатушылығы мен аймақтардан келіп түскен азаматтардың хаттарының себебінен қолына қалам алған депутат "уаһабилік" ағымның артынан еріп кетушілердің саны көбейіп, "сәләфи" ағымының кеңінен насихатталуы көңілге үлкен қорқыныш ұялататындығын баса айтқан. «Діни ахуалды бақылауда ұстау үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан шаралар өз деңгейіндегі нәтижесін бере алмауда. Өйткені, бұл саладағы қызмет заңнамалық тұрғыдан қамтылмаған, яғни дәстүрсіз діни бірлестіктердің кейбір заңсыз әрекеттеріне құқықтық тосқауыл қою мүмкіндігі шектеулі. Ал тек қана насихаттық жұмыстар арқылы қоғамдық сананы реттеу мүмкін емес. Республикамыздағы ислам діні қызметкерлерінің көбінің дүниетанымы бір ғана дін айналасында өте тар деңгейде және қазіргі қоғам өміріндегі сұранысқа жауап бере алмауы да жасырын емес. Мешіт имамдары кездесулер кезінде ислам дінінің аумағындағы жалпы адами құндылықтардан басқа мәселелерден аспайды», - дейді депутат.
Осы басылымда «Известия» газетінде жарық көрген Потсдам саясаттанушысы Маттиас Дорнфельдттің «Қазақстанның саяси жеңісі» деген мақаласының аудармасы басылып отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы осы Ұйымның тарихындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келгенін баса айтқан ол: «Қазақстан Республикасы - ЕҚЫҰ-ға төрағалықты қабылдап алған алғашқы посткеңестік мемлекет, сондықтан да мұның өзі елді артықша халықаралық назардың ортасына қоймастан шығарды. Ұйымға төрағалық етудің мүмкіндігі елдердің кең ауқымы үшін ресми мойындалғанына қарамастан, оны осы күнге дейін ЕО мен НАТО-ға қатысушы мемлекеттер ғана атқарып келеді. Сонымен қатар, Түрік Республикасын есептемегенде, олар христиандық мемлекеттер еді. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін елінің ЕҚЫҰ төрағасы функциясын қабылдап алуы ортақ демократиялық құндылықтарды мойындайтын батыс мемлекеттері қауымдастығымен белсенді ынтымақтастық жолындағы маңызды кезең болып табылады», дейді.
***
«Жаппай қырып-жоятын қаруға қарсы күресте қазақстан дүниежүзінде көш бастап тұр. Қолындағы қуатты ядролық арсеналдан саналы түрде бас тартқан Қазақ елі жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесімен әрі қарай да айналысуды өзіне міндет етіп алды. Бұл ретте Мемлекет басшысының Жарлығымен осы жылдың басында Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Кеше Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен аталмыш комиссияның кезекті отырысы болып өтті», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санында жарық көрген «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәтібі күшейтіледі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, отырыс барысында аталған қаруды таратпау саласындағы күн тәртібінде тұрған мәселелер қарастырылған. Сондай-ақ комиссия отырысына қатысқан еліміздің министрліктері мен ведомстволарының басшылары мемлекеттік органдардың тиісті тапсырмаларды орындау барысын да талқыға салған.
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде ҚР-ның Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуроодақ пен НАТО жанындағы миссияларының басшысы Ерік Өтембаевпен арадағы сұхбат «Біз Еуропа елдерінің ұсыныстарын ЕҚЫҰ саммиті барысында талқылауға дайынбыз!» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын тізгіндеген ел ретінде аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне бей-жай қарай алмайтынын, халықаралық және аймақтық институттар, ЕО арасындағы байланыстың әлеуетін барынша тиімді қолдауға мүдделі», - дейді. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сенбілік санын назарыңыздан жіберіп алмаңыз.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, ақтөбелік Амангелді Шортанбаев кез келген көлікті жанармайсыз жүйткітіп, тұрмыстық техника құралдарын электр қуатынсыз жұмыс істетудің жаңа әдісін ойлап тапқан көрінеді. Ол үшін барлық техника құралдарының жүрегі - моторды екі түрлі бағыттағы магнитпен алмастырса болғаны. Идея авторының айтуына қарағанда, бір көлікті орнынан жылжыту үшін 50 шақты шағын магнит қана қажет. «Өнертапқыштың айтуынша, көлікке стартер мен ротордан басқа қосалқы бөлшектер қажет емес. Дәл осылай екі түрлі магнитті кез келген техникалық құралға қондыра салуға болады. Мәселен, үйдің шатырына осындай жобадағы генератор қойып, бір үйге қажетті энергия көзін де содан өндіріп алуға мүмкіндік мол. Бұл да қарапайым тұтынушылар үшін су тегін энергия көзі. Инженер өз жобасы жүзеге асса, болашақта көшелерде электр бағаналары болмайды, Үкіметке де артық шығындалудың қажеті жоқ деп санайды», - делінген мақалада. Жарияланым «Қазақ инженерінің арқасында әлем моторсыз машина мінетін болады», деген тақырыппен жарық көрді.
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ричард Хоугландпен арадағы сұхбат «Алаш айнасы» газетінде «Қазақстан осы жылы ұйымға төрағалық ету арқылы көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін паш етті» деген тақырыппен жарияланды. Басылым тілшісінің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі қызметтеріне орай қойған барлық сауалдарына тұщымды жауап берген Елші: «Қазақстанның биылғы бұл ұйымға төрағалығын да, шынымен, тарихи оқиғалар қатарына жатқызуға болады. Америка Құрама Штаттары бұл саммитті сәтті өткізу үшін Астанадағы әріптестерімен бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігін шын ықыласпен пайдалануға әзір»,- дейді.
***
«Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжоу Лиді қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Дипломатты елші лауазымына тағайындалуымен құттықтаған Төраға оның қызметі біздің елдеріміз арасындағы көп тарапты ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесетініне сенім білдірген. Сондай-ақ Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарындағы қол жеткен саяси сенім мен экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өте келіп, Қ.Тоқаев: «Байланыстардың өрістей түсуі біздің мемлекеттер басшыларының өзара сапарларымен айқындалады және екі халықтың мүдделеріне толығымен сай келеді», деді.