Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сүйенсек, мектеп бір мезетте сапалы білім беріп, өзіне сенімді тұлға қалыптастырып, жастарды цифрлық экономиканың жаңа мүмкіндіктеріне дайындауы керек.
Мектеп құрылысы жанданады
Президент кезек күттірмейтін міндеттердің бірі ретінде барлық өңірде сапалы мектеп құрылысын жалғастыруды, әсіресе оқу орындарында орын тапшылығы сақталған аймақтарға басымдық беруді атады.
— Бұл — алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Реформа үшін реформа жүргізуді доғару қажет
Президент білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістерге де жеке тоқталды. Оның айтуынша, әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек.
— Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан босату керек
Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, артық аттестация талаптары мен пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды.
— Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды. Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу процесін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақ — нағыз жеңімпаз ұлт
Президент өз сөзінің едәуір бөлігін балалар мен жастар тәрбиесіне арнады. Оның пікірінше, білім беру жүйесі қиындықтарды еңсере алатын, өзіне сенімді азаматтарды тәрбиелеп шығару керек.
— Ұстаздарымыз ең алдымен ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс. Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр. Тағы да айтып кетейін. Қазақ — кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау — болмысымызға мүлдем жат дүние, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі»
Президент тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажеттігін айтты.
— Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Өскелең ұрпақ өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс, — деді Президент.
Балаларды цифрлық сын-қатерден қорғау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды.
— Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын. Көптеген озық елдер осы іспеттес шаралар қабылдады. Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді, — деді Мемлекет басшысы.
ЖИ — табыс табудың құралы
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Жолдауында жастарды, соның ішінде ауыл жастарын табыс табу үшін цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні пайдалануға тарту міндетін қоятынын мәлімдеді.
— Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын. Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс. Жоғары білім саласында ЖИ-ді пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастыру ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандарт бар. Енді Үкімет дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет, — деді Президент.
7 мың бала қант диабетіне шалдыққан
Мемлекет басшысы балаларға бағытталған фаст-фудтың агрессивті жарнамасына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке оның денсаулыққа әсерін жан-жақты зерттеуді тапсырды.
— Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Бұл өте күрделі мәселе екенін айтып, түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Тамыз конференциясы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысты.
Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялады.