Қазақ кілемдерін сақтап қалуға алғаш қадам жасаған түрік азаматтары болды - Б.Санақұлова

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақ кілемдерінде қазақи нақыштардың бұзылу үдерісі - Кеңес Одағы кезінде сол уақыттағы басшылар - Ленин мен Сталиннің бейнелерін белгілеуден басталды.

Бұл пікірін бүгін Астанада  «Қазақстанда кілем тоқу өнерінің болашағы бар ма?» тақырыбында өткен семинарда ҚР Президенттік мәдениет орталығы директорының мұражай және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Бибінұр Санақұлова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Б.Санақұлованың айтуынша, қазір мұражайларда қазақ қолөнер шебелерінің қолдарынан шыққан тақыр және түкті кілемдер көптеп сақтаулы және өнердің бұл түрін халық арасында насихаттауда мұражайлардың атқарып отырған рөлі зор.

 Сондай-ақ ол, кілемдерде қолданылатын символдар олардың шығу өңіріне де байланысты екендігін атап өтті. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан өңірінде көбіне-көп өсімдік тектес өрнектер қолданылса, сол сияқты, ата-бабалар заманында кілемдер руларға байланысты тоқылған көрінеді. Өкінішке қарай, қазір ол кілемдердің саны саусақпен санарлық.

 Б.Санақұлова жеке бастың экономикалық табысы үшін бірегей кілемдердің түпнұсқалары шетелге арзанға сатылып жатқанын тілге тиек ете келе, қазақтың кілемдерін сақтап қалуға алғаш тырысқан түрік азаматтары болғандығын қынжыла жеткізді.

 Оның ұсынысы бойынша, кілем тоқу өнерін табысты бизнес көзіне айналдыру үшін, оларды ретсіз шет елдерге сата берудің қажеті жоқ. Елде сақталған түпнұсқалардың шығу тарихы мен берер мағынасын жаза отырып, суреттерімен қоса альбомға енгізіп көрсету керек. Сонымен қатар, «қаржылық қолдау табу үшін өнердің бұл түрін «Мәдени мұра» бағдарламасына ұсынып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін арнайы мектептер ашу қажет», - деген ұсынысын білдірді.