Қазақ киносына жаңа есімдер мен тың идеялар қажет – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ киносы күніне орай Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев отандық кино саласының дамуы, «Қазақфильмнің» болашағы және ұлттық фильмдерді қолдау шаралары туралы айтты.

Фото: Алматы әкімдігінің баспаөз қызметі

Министрдің сөзінше, кино – ұлттық мәдениетті дәріптеп, елдің тарихы мен дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізетін маңызды сала. Соңғы жылдары Қазақстанда киноиндустрияны қолдау тетіктерін жетілдіру және ұлттық киностудияның әлеуетін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының орны бөлек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен киностудияны тікелей мемлекеттік қолдау қайта қолға алынды. Ендігі маңызды қадам – «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын біріктіру, – деді Арман Қырықбаев.

Оның айтуынша, министрліктің негізгі міндеттерінің бірі – кино саласындағы өзгерістердің тиімділігін қамтамасыз ету, өндірістік және шығармашылық мүмкіндіктерді күшейту, сондай-ақ жеке кинокомпанияларды қолдау.

Қазақстанда жыл сайын ондаған отандық фильм түсіріледі. Мәселен, 2024 жылы 94 фильм өндірілсе, 2025 жылы отандық прокатқа 103 фильм шыққан.

Министр қазақ киносына көрермен қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ұлттық кино мұрасын сақтау үшін алтын қордағы фильмдерді цифрландыру және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Биыл режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толады. Оның мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен мерейтойлар күнтізбесіне енгізілген.

Арман Қырықбаев қазақ киносына жаңа есімдер, тың идеялар және елдің өткені мен бүгіні, болашағы мен жетістіктерін арқау ететін мазмұнды туындылар қажет екенін айтты.

– Мұндай фильмдер көрермен жүрегінен орын алып, Қазақстанды әлемге лайықты танытуы тиіс, – деді министр.

Бұған дейін әйел құқығын қорғайтын фильм жарыққа шыққанын жазғанбыз.