Қазақ киносы арқылы ұлт мұраты мен елдік идеяны насихаттау туралы Елбасы тапсырмасы сорақылық көріністермен жүзеге аспақ па?

None
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кино арқылы ұлт мұраты мен елдік идеяны насихаттау туралы  Елбасы тапсырмасы сорақылық көріністермен жүзеге аспақ па? Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бір топ депутат ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің атында  сауал жолдап, онда қазақ киносының бүгінгі беталысына алаңдаушылықтарын білдірді. Сауалды Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі депутат Нұрлан Өнербай оқып берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің атына отандық фильмдерге қатысты «Азамат» жастар клубынан келіп түскен хат талқыға салынды. Қарашаның 23-інде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына барған Елбасы Н. Назарбаев «қазақ киносы отансүйгіштікті дәріптеп, елімшіл, жершіл ұрпақты тәрбиелеуге атсалысуы керектігін, яғни ұлттық кинодан ұлттық идея мен ұлт мұраты сезіліп тұруы тиістігін» айтқан болатын. Кейінгі уақытта баспасөз бетіндегі қазақ киносының көркемдік  сапасы, рухани деңгейіне деген наразылық бұқара тарапынан күш алып келеді. Өйткені бүгінгі қазақ киносында халқымыздың ұлттық намысын қорлаған, тарихымызды бұрмалап, азғындықты, ұятсыздықты ту еткен фильмдер жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап барады. Басы «Бораттан» басталған бұл масқара үрдіс толастар емес. Қазаққа заты түгілі аты жат арсыздықтарды насихаттайтын фильмдердің жарнамасы теледидардан ашық беріліп, ұрпақ санасын улауда. «Оскар» сыйлығына ұсынылып жатқан «Келін» фильмінде көзіне түскен еркекпен қатынасқа түсе беретін зинақор әйелдің әрекеті бейнеленген. Малмен жыныстық қатынасқа түсу секілді ел намысын қорлаған ұятсыз көріністерге толы фильмнің мадақшыларын басқа тілдегі басылымдар жарыса жариялап жатыр. «Тюльфан» фильмінде қоғам шындығы деген желеумен дәрет сындырған сорақы көріністер елді мазақ етсе, «Қараой» фильмінде туғалы жатқан екіқабат әйелді зорлаған көрініс, «Әке қорлығы» дейтін фильмде туған қызын зорлаған әке сюжеттерге өзек болыпты. Сонда кино арқылы ұлт мұраты, елдік идеяны насихаттау деген  Елбасы тапсырмасы осындай сорақылықтармен іске аспақ па?», деді сауалды жариялаған депутат Нұрлан Өнербай.

Сонымен бірге, депутат ресейлік фильмдерді мысалға ала отырып, оның патриоттық сезімге толы болатынын, ұлттың мерейін өсіру секілді елдік  мәселелер қамтылатындығын айтты. «Ал біздің  киногер сабаздарымыз «Қайрат девственник» дейтін фильм түсіріп, «я мальчика хочу» деп басын ұстаған педофильдікті, қызтекелік пен нәпсі құмарлықты қозғаған арсыздықты жалаулатқаны жанымызды түршіктіреді», деді ол.

Осыған орай, депутаттар бұндай бассыздыққа тоқтау салу керектігін, ұлтжанды жастар тобының орынды мәселе көтергенін жеткізеді.

Депутаттық сауалға Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің барлық депутаттары және басқа комитеттің бірқатар депутаттары  қол қойған.