Қазақ киносы қазір жаңару үстінде - Дидар Амантай

АЛМАТЫ. Наурыздың 25-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда «Қазақ кино панорамасы 2008-2010» атты шығармашылық конференция нәтижелік «дөңгелек үстел» отырысымен аяқталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Кинематографистер одағының мүшелері, киносыншылар, режиссерлер, өнер танушылар мен кинотанушылар, сондай-ақ жалпы кино өнерін сүйетін қауым қатысты. Олардың пікірі әр түрлі болғанымен, жалпы алғанда қазақ киносының бағытына оң баға берді. Кинотанушылар соңғы кездері анимациялық фильмдердің жанданып келе жатқанына ризашылықтарын білдіріп, деректі фильмдерді де көбірек түсіру керек екендігін айтты. Сонымен қатар, қатысушылар соңғы кездері көп көңіл бөлініп кеткен, коммерциялық-жанрлық фильмдерді ғана түсіріп қоймай, авторлық және халықтық киноларды да бірдей ұстап, ұмытпау керектігін жеткізді.

«Қазақ киносы қазір жаңару үстінде, аяқ-алысы жаман емес. 2008 жылдан бастап, жаңа өзгерістер болып жатыр. Техникалық модернизация жүргізілді. «Қазақфильмнің» бүгінгі күні ұстанып отырған бағыты продюссерлік кино. Продюссерлік кино дегенміз - кез келген жобаны жан-жақты талқылап, ертеңгі оның қайтарымын да есептеп, көрерменнің жас мөлшерін анықтап, одан кейін барып кино өндірісіне кіріседі. Біз бір жағынан продюссерлік киноны дамыта отырып, оның комерциялық қарым-қабілетін көбейте отырып, екінші жағынан бүгінгі арт-хаустық фильмдердің дәстүрлі, біздің "Қазақфильмге" тән белгілерін де жоғалтып алмауға талпынып отырмыз", деді жиын барысында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай. Оның айтуынша, 2008-2009 жылғы зерттеулер бойынша Қазақстандағы кинотеатрларға баратын көрермендердің жас мөлшері 14-пен 25-тің аралығындағы жастар. «Сондықтан, біздегі түсірілетін негізгі фильмдердің тақырыптарының барлығы да сол аралықтағы жастарға арналады. Содан кейін барып дисктер сатылып, теледидарда көрсетіледі. Теледидар ең соңғы аялдамасы десек те болады», деді Дидар Амантай.