«Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Айтылған барлық реформалардың, өзгерістердің табысты жүзеге асуы баршамыздың бірлігімізге, отаншылдығымызға және азаматтық жауапкершілігімізге байланысты» - деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт сапасын арттыру тақырыбына тоқталды.
«Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қ. Тоқаев 21 ғасырдың ұрпағы терең білімді болуы тиіс екенін атап өтті.
«Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылды жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдарын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу», - деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керектігін айтты.
«Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді», - деді Мемлекет басшысы.