Қазақ көкпаршылары бүгін қарсыластарын ірі есеппен ойсырата ұтты
Ойын қорытындысы бойынша Моңғолия командасы Өзбекстан құрамасын 8:4 есебімен ұтса, Қырғызстан көкпаршылары түркиялықтарды 13:3 есебімен ойсырата жеңді. Ал тәжік көкпаршылары АҚШ құрамасын 9:2 есебімен қапы қалдырса, Ауғанстан көкпаршылары әзербайжандықтарды 3:0 есебімен басым түсті. Ал бүгін аса тартысты өткен додада қазақстандық көкпаршылар ресейліктерді 15:3 есеп айырмашылығымен ойсырата жеңсе, ҚХР құрамасы Венгрияны 8:2 есебімен қапы қалдырды.
Көкпаршылардың арасындағы тартыс ертең сағат Астана уақытымен сағат 10:00-де жалғасатын болады. Онда алғашқы кездесу Моңғол Республикасы мен Түркия арасында өтеді.
Айта кетейік, жарысқа әлемнің 11 мемлекетінен 200-ге жуық көкпаршы қатысуда. Жеребе нәтижесінде «А» тобына Қырғызстан, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Моңғолия және Тәжікстан сынға түсіп жатса, «В» тобында Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Венгрия, Қытай мен Ауғанстан өзара мықтыларды анықтауда. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 18 млн теңге. I орын - 10 млн теңге, II орын - 5 млн теңге, III орын - 3 млн теңге.
Естеріңізге сала кетейік, көкпардан I әлем чемпионатын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» ұйымдастырып отыр.