Қазақ көкпаршылары Өзбекстанда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды
«Өзбекстанның Сухандария облысына қарасты Термез ауданында өткен халықаралық турнирге 6 көкпар командасы қатысты. 23-24 наурыз күндері өткен дүбірлі додада ел құрамасы ерекше ойын көрсетті. Спортшыларымыз турнир жеңімпазы атанып, бас жүлдеге тігілген 200 млн сомды (8,6 млн теңге) қанжығаларына байлады», - деп жазылған комитеттің Facebook парақшасында.
Ақтық ойында Өзбекстан құрамасымен сынға түскен жерлестеріміз 6:0 есебімен алаң иелерін ойсырата ұтты.
Халықаралық сайысқа Өзбекстанның өзінен 4 команда қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Өзбекстан көкпардан әлем чемпионатын өткізуді жоспарлаған болатын.
Алайда пандемияға байланысты бұл чемпионат кейінге шегерілді.
Сондай-ақ, аталған комитеттен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы биыл қыркүйекте ересектер арасында көкпардан ІІ әлем чемпионатын өткізу жоспары туралы хабарланды.