Қазақ күресін Олимпиада ойындарына енгізу жоспарлы түрде атқарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ күресін Олимпиада ойындарына енгізу жоспары құрылды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мәлім етті.

Қазақ күресін насихаттау барысында өткен жылдары елеулі шаралар өткенін еске салып өткен агенттік басшысы: «Ең басты мақсатымыз қазақ күресін Азия ойындарының және Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіргізу. Бұл бастама үшін жауапкершілік ала отырып, кейінгі ұрпаққа жол ашып бергіміз келеді. Қазақ күресі Олимпиада ойындарына кіретін болса, соның өзі үлкен жеңіс болып табылады», - деді.

Осы орайда Т.Есентаев ұлттық спортты дамытуда тиісті жоспарлар құрылғандығын атап өтті.

«Қазақстан бойынша еркін күрес спортшыларының саны жиырма бір мыңнан астам, ал грек-рим күресімен айналысатындар он екі мыңнан асады. Атап айтқанда, қазақ күресімен шұғылданатын спортшылар саны отыз бес мың. Сондықтан қазақ күресін дамыту үшін өңірлердегі спорт мектептері ішінен бөлімдерін ашуға облыстарға тапсырма беріп отырмыз және оны қадағалаймыз»,- деді төраға.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылдың аяғында бірқатар елдердің қатысуымен қазақ күресінен «Еуразия Барысы» І халықаралық турнирі ұйымдастырылған болатын.

Айта кетейік, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» жыл сайынғы турнирі биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Наурыздың басынан бері еліміздің елді мекендерінде іріктеу жарыстары жүріп жатыр.