Қазақ күресінен Әлем чемпионатында еліміздің спортшылары барлық 5 алтынды еншіледі

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - 21-22 желтоқсан күндері Беларусь астанасы Минск қаласында қазақ күресінен әлем біріншілігі өтті. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға 28 мемлекеттен 58 балуан қатысты. 5 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Қазақстан құрамасы барлық алтын жүлдені олжалап қайтты, деп хабарлады Baq.kz.

60 келі салмақта ел намысын қорғаған Абзал Арыстанбеков алғашқы алтын жүлдені қоржынға салды. Оның ақтық айқастағы қарсыласы қырғыз елінің өкілі Санжар Оспанәлиев болды. 70 келіде бозкілемге шыққан Ерлан Естек армяндық балуан Армен Назарянды таза ұтып, Абзалдың жеңісті жолын лайықты жалғастыра білді. Ал 80 келіде сынға түскен Ерсін Мұхамеджанов Грузия мемлекетінің әккі балуаны Бесарион Берулавудың жауырынын жерге тигізіп, алтын медальсыз қалдырды.

Ал 90 келі салмақтағы Мұхит Тұрсынов талай алыптардың мысын басып жүрген тісқаққан балуан. Жуырда Тараз қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде Мұхит моңғолиялық балуан Серік Бәйкемұратқа есе жіберген болатын. Міне, Минск төрінде өткен әлем чемпионатында Мұхит өз мықтылығын дәлелдеп, Алпамыс Тукеевті қапыда қалдырды.

Ал 90 салмақ дәрежесінде алыптар айқасының көркін «Қазақстан барысы-2013» турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров пен Беларусь елінің үкілі үміті Евгений Бедулин қыздырды. Тартысты өткен жекпе-жек нәтижесінде Айбектің айы оңынан туып, ел қоржынына бесінші алтын медальді салып берді.

Сонымен, сарапқа салынған 5 алтын медаль қазақ балуандарының қанжығасында кетті. Алтын жүлдеге қол жеткізген спортшыларға 1000 АҚШ долларынан берілсе, күміс және қола жүлдеге қол жеткізген балуандарған 500 және 300 доллардан үлестірілді.