Қазақ күресінің жаңа атауы күзде талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Барысын» қазақстандық және шетелдік телеарналар трансляциялайды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федарациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

«Қазақ күресінің атауын өзгерту бойынша қызу талқылаулар жүріп жатыр. Енді «күрес» деген атауды ғана қалдырсақ, өзбек бауырларымыз «күрәш» атауын бүкіл әлемге жариялады. Менің ойымша, тағы жарты жыл талқылаулар мен пікір алмасулардан кейін, шамамен күзде үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз. Осы орайда ғалымдар мен спортшыларды, бапкерлерді жинап, қарастырамыз. Елімізде «қазақ күресі» болып қала берсе де, барша әлемге тарату үшін атауды өзгерту керек деп пайымдаймын. Менің ойымша, 1-2 жылда біз бір шешімге келетін боламыз»,-деді А. Шораев.

Атап айтқанда, Олимпиадалық ойындардың бағдарламасына енгізу бағытында «қазақ күресі» деп кіргізу өте қиын. Себебі, бұл тұрғыда өзбектердің және қырғыздардың күресі шығады. Сонымен қатар атауды өзгертудегі басты себеп - ұлттық күрестің бұрынғы тарихи атауына қайтып келу.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр қыркүйек айында өткен баспасөз мәслихатында қазақ күресінің атауы өзгеруі мүмкін екені айтылған еді.

«Зерттеу бойынша қарасақ, Петропавл қаласында 1928 жылға дейінгі құжаттардың ішінде «қазақ күресі» деген атау жоқ екендігін айтқым келеді. «Қазақ күресі» деген атау кезінде «қазақша күрес» болатын. Ал 2000 жылдан бастап құжаттар «қазақ күресі» деп дайындалып келе жатыр. Атап айтқанда, 1928 жылға дейінгі құжаттарда біздің еліміздің ішінде «күрес», «палуандық күрес», «жекпе-жекке шығу», «күш сынасу» деген атаулар кезігеді. Бұны айтып отырған себебім, енді біз әлемдік деңгейге шықтық. Әлемдік деңгейде дзюдо күрес түрі бар және жекпе-жектердің арасында таэквондо, сондай-ақ басқа да додалар бар. Бұлардың барлығы бір елдің спорт өнері болса да, бірақ сол елдің атымен аталмайды. Мысалы, жапонның дзюдо күресі демейді, қысқа ғана «дзюдо» деп аталады», - деді қазақтың балуандық өнерін зерттеуші Елемес Әлімханов.