АСТАНА. KAZINFORM – Үндістан астанасы Дели қаласында 26-27 ақпан күндері қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Оған әлемнің 20-дан астам мемлекетінен 200-ге жуық балуаны қатысады.
Әлем чемпионаты екі күнге созылады. Онда ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Қазақстандық балуандар аталған жарысқа дайындалып жатыр.
Ұлттық құрама мүшелері 14 ақпанда Алматы қаласына жиналады. Құрама сапында Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Ерсұлтан Мұзаппаров, Нұрдәулет Жарылғапов, Зарина Сарипова, Рауза Нұрмахамметова және Роза Нысантайқызы сынды үздіктер бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордада қазақ күресінен «Дала қырандары» турнирінің жеңімпаздары анықталғанын хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.