Қазақ күресінен Қызылорда облысының жастар арасындағы аға жаттықтырушысы тағайындалды

Фото: Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың бұйрығымен Нұрым Сәлімгереев қазақ күресінен Қызылорда облысының жастар арасындағы аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады. 

Нұрым Сәлімгерейұлы – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақ күресінен әлем кубогының иегері, «Еуразия барысы» және 5 дүркін «Сыр барысы» атағына ие болған. Бұған дейін басқармаға қарасты теннис спорт мектебі директорының орынбасары қызметін атқарған. 

– Нұрым бұдан былай жастар арасында қазақ күресін дамытуға және спортшылардың тұрақты түрде халықаралық және республикалық додаларға қатысуына, сондай-ақ спортшылардың жалпы нәтижесіне жауапты болады, - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Серік Сәпиевтің Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалғанын хабарлаған едік.