Қазақ күресті сүйетін және оны әрдайым қолдай білетін халық - Олег Тоқтаров

АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазақ күресті сүйетін және оны әрдайым қолдай білетін халық". Ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін Әлем чемпионы Олег Тоқтаров кеше Алматыда өткен халықаралық турнирде осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Алматыда соңғы рет 1998 жылы болдым. Меніңше, бәрі бұрынғыдай сияқты. Өз елін, өз қаласын сүйетін сіздерге рахмет. Әйгілі батырлары бар халықтың жастары аға ұрпақтың дәстүрін спортта жалғастырады деп ойлаймын», - дейді Олег Тоқтаров. Ал Бүкіләлемдік абсолютті чемпиондар ережесіз жекпе-жектері федерациясының президенті Георгий Кобылянскийдің айтуынша, бұл Қазақстандағы аталмыш ұйымның бекітуімен өтіп жатқан тұңғыш ірі турнир. Оны тікелей эфирде ұлттық және «Боец», «НТВ плюс», «ТВ арна», өзге телеарналар да көрсетті. «Бұл алғашқы қадам. Келесі жылы ТМД ғана емес, АҚШ, Жапония, Бразилия сияқты өзге алыс шет елдердің жұлдыздарын көреміз. Келесі кезең Әлем чемпионаты», - дейді Г. Кобылянский.