Қазақ күйлері домбырамен ғана емес, классикалық аспаппен де танылуы керек - Kazakh Quartet

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус инфекциясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, бірқатар өнер ұжымдары халыққа онлайн-концерт беруді қолға алды. Олардың арасында Kazakh Quartet атымен әлемге танылған Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті де бар. Квартет жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев ҚазАқпарат тілшісіне классикалық өнердің маңызы туралы сұхбат берді.

Әлеуметтік желіде Kazakh Quartet ұжымы - Айдар Тоқтаналиев (Бірінші скрипка), Алексей Лебедев (Екінші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (Альт) және Ернар Мыңтаев (Виолончель) Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін ұсынған еді. Мұнда әр музыкант өз үйінен бейнебайланысқа шығып, күйді синхронды түрде орындаған.

Видео «Ерке сылқым»:


Оның айтуынша, қазақ күйлері шетелдік аудиторияның зор сұранысына ие және оны домбырада ғана емес, классикалық аспаптарда да әлемге насихаттау қажет.

«Шет елдердегі концерттік бағдарламамызда Бетховен, Франц Шуберт, Йозеф Гайдн сынды классикалық композиторлардың туындыларын орындаймыз және екінші бөлімге міндетті түрде қазақ композиторларын қосамыз. Яғни, қазақ күйлерін классикалық инструментке түсіріп, жаңаша өң береміз. Әрине, шетелдіктер қобыз, домбыра сынды дәстүрлі аспаптарды қызығушылықпен тыңдайды. Қазақ күйлерін орындауда домбырадан асамыз деген ой жоқ. Бірақ, бұл туындыларды классикалық скрипка, виолончель арқылы көрсеткенде, аң-таң болады. «Адай», «Ереуіл атқа ер салмай», «Махамбет» сынды қазақ композиторларының күрделі шығармаларын Батыс тыңдармандары ыстық ықыласпен қабылдайды, сахнадан жібермейді. «Ерке сылқымды» Швейцарияда орындағанда көрермендер орнынан тұрып, айрыша ризашылық білдіріп еді. Демек, тұтас әлемге қазақтың үні, қазақтың күйі жаңа леп әкеліп, қызықты әрі тартымды болып отыр», - дейді Е. Мыңтаев.

Видео «Адай»:


«Біздің бағытымыз - әлемдік элитарлық жанр болғандықтан, классикалық туындыларды орындап, әлем сахналарында Қазақ квартетін брендке айналдыру үшін жұмыс істедік. Шетелде оқып, әлемнің мықты профессорларынан білім алдық. Бірақ, елге келгенде камералық музыкадағы ең күрделі саналатын квартеттік жанрдың жоғалып бара жатқанын көрдік. Соны қайтадан жаңғыртуды қолға алдық. Себебі, қазақтай дарынды ұлтқа жеңіл поп, эстрадалық музыка, шоу ғана емес, классикалық өнер де керек. Қазір концерттеріміз аншлагпен өтетіндей деңгейге жетті. Тыңдармандарымыз келесі концертімізді күтіп, бағдарламамызға іздеп жүреді. Яғни, елімізге терең ой салатын, жүрекке жол табатын саф өнер керек», - деді Ернар Мыңтаев.

Төтенше жағдайға байланысты квартеттің бірнеше концерті кейінге қалдырылды. Келесі концерт мамыр айының аяғында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өтуі мүмкін.

«Биыл бүкіл әлем неміс композиторы Бетховеннің 250 жылдығын тойлап жатыр. Барлық музыкалық ұжым концерттерде Бетховен шығармаларын орындап жүр. Бетховен - біздің де сүйікті композиторымыз, осы маусымда Бетховеннің квартетке жазылған барлық 16 шығармасын орындауды жоспарлаған едік. Оның төртеуін орындадық, ал бесіншісі сәуір айында өтуі тиіс еді. Коронавирус жағдайына байланысты барлық концертті тоқтаттық. Алтыншы концертіміз 22 мамырда елордада, 30 мамырда - Алматыда өтуі мүмкін», - деді Ернар Мыңтаев.

Айта кетейік, Kazakh Quartet немесе Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті – Қазақстанның камералық музыкасындағы жетекші ұжымдардың бірі. Оның тарихы 1988 жылдан бастау алады, ал 1995 жылы квартет мемлекеттік мәртебеге ие болды.


Квартет 1993 жылы Мәскеу қаласында Сахаров марапатына ие болды. 1995 жылы - Украинаның «Алтын Күз» халықаралық камералық оркестрлер байқауында топ жарды. 1999, 2001 және 2004 жылдары Мәскеуде Шостакович атындағы халықаралық ішекті аспаптар квартеті байқауында жүлделер алды. 2001 жылы Италияның «Rovered'Oro» және «Bellini» байқауларында гран-при мен ІІ орын иеленді. 2005 жылы Жапонияның Осака қаласында Халықаралық ішекті аспаптар квартетінің байқауынан II орын алды.
Сол жылы Kazakh Quartet Испания ханшайымының қолынан алған «Escuela Superior de musika Reina Sofia» атты ең үздік ансамбль дипломын алды.

Фото: kazakhquartet.com


Соңғы жаңалықтар