Қазақ-қырғыз шекарасынан 600 кг құс еті тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ-қырғыз шекарасында 600 килодай құс етін заңсыз өткізбек болғандардың жолы болмады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.

«Гродеково» заставасының наряды (Жамбыл облысы) 58 коробкаға салынған, жалпы салмағы 600 килограмм болатын контрабандалық жүк - құс етін (жон еті) тиеп жатқан 32 жастағы Қазақстан Республикасының азаматын ұстады.

Қашып кетпекші болған құқықбұзушыны тоқтату мақсатында шекарашылардың аспанға 2 рет ескерту оғын атуларына тура келді.

Қару қолданудан ешкім зардап шеккен жоқ. Ұсталғандар мен олардың жүктері заставаға жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру амалдары жүргізілуде.