Қазақ-қырғыз шекарасынан бір үйір жылқыны өткізбек болғандардың жолы кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін түнде қазақстандық шекарашылар қазақ-қырғыз шекарасы арқылы 30 бас жылқыны өткізбек болғандардың жолын кесті.

«Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының «Қордай» шекара отрядына қарасты «Жасыл төбе» заставасының наряды мемлекеттік шекарадан 20 метр қашықтықта Қырғызстан жағынан бері қарай өтіп келе жатқан 30 бас жылқыны ұстады», деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.

Ал шекара нарядының келе жатқанын байқап қалған белгісіз екі адам шекараның арғы бетіне, яғни көршілес елдің аумағына қарай қашып жасырынып қалған.

Ұсталған жылқылар застава аумағына әкелінді. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.