Қазақ-қырғыз шекарасындағы бекеттердің инфрақұрылымы жақсарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы жақсарады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Скляр мен Қырғыз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаевтың кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында тараптар екі жақты сауда-экономикалық және көлік ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Тараптар сауда-экономикалық әлеуетті арттыру және ағымдағы жылы екі елдің ең алдымен өнеркәсіптік кооперация есебінен тауар айналымын 1 млрд. АҚШ долл. жеткізу қажеттілігін атап өтті.

Кездесу барысында елші Жээнбек Кулубаев екі жақты тәртіпте Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын жетілдіруді ұсынды. Соның ішінде «Қордай-автожол» өткізу бекетін қайта құру, «Қарасу-автожол» өткізу бекетінде көпір салу және қайта құру жөнінде айтылды.

Р.Скляр өткізу бекеттерінің тиісті инфрақұрылымдық базасын құрудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының шекаралас аумағында өткізу пункттерін жаңарту және қайта құру бойынша министрліктің жоспарларымен бөлісті.

Қорытындылай келе, тараптар тиісті бірлескен жұмыстарды (ЖСҚ және ТЭН әзірлеу) шұғыл жүргізу үшін осы жылдың бірінші жартысында уәкілетті органдардың кездесуіне бастамашылық жасауға уағдаласты.