«Екі ел арасындағы тауарлардың еркін ағымы сауда саласындағы кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпін береді. Қырғыз Республикасы өзінің жеңіл өнеркәсібін өте жақсы дамытқан мемлекет. Ол ДСҰ-ның толыққанды мүшесі екендігі рас. Онда импорттық кедендік салық Қазақстанға қарағанда сәл төмендеу. Бұл өз кезегінде төмен бағалы, сапасы жоғары тауарлардың ағынын арттырып, екі ел азаматтарының өмірін жақсарта түседі», - деді Нұрлан Нұрсейітов.
Оның айтуынша, шекараның ашылуы Қырғыз елінде туыстары тұратын азаматтардың өмірін жеңілдетеді.
«Шекараның ашылуы тағы бір сала туризмнің дамуына әкеледі. Қос бағыттағы жазғы, қысқы туризм дами түседі. Мұндай интеграцияның қатерлі тұстары да жоқ емес. Бірақ, ЕАЭО құрамындағы елдердің басшылығы мұндай проблемалардың оңтайлы шешімін табады деп сенемін», - деді ол.
Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдермен шекарасында кедендік бақылау бекеттерін алып тастау рәсімі 12 тамызға белгіленген.
Қырғыз республикасы мен Қазақстан арасында кедендік шекараның салтанатты ашылу рәсіміне екі ел басшысы қатысады.
Еске сала кетсек, Қырғыз билігі Кедендік одаққа кіру туралы шешімді 2011 жылдың көктемінде қабылдаған болатын. 2014 жылдың желтоқсанында Мәскеуде тараптар республиканың ЕАЭО-ға қосылуы туралы келісімге, ал мамырда оның үш хаттамасына қол қойды.