Қазақ-қырғыз тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу қажет
«Біздің тауар айналымымыз ағымдағы жылдың 10 айында 13 пайызға өскеніне қарамастан қолда бар мүмкіндікті белсенді пайдалану қажет. Ол үшін біздің тауарлардың атауларын кеңейту мүмкіншілігін қарастырған жөн. Біздің алға қойып отырған басты мақсатымыз - 2020 жылға қарай өзара тауар айналымы көлемін 1 млрд долларға жеткізу»,- деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Қазақстан қырғыз экономикасының негізгі инвесторларының бірі болып отырғандығын атап өтіп, екі елдің инвесторлары үшін мұнан ары қолайлы жағдай жасау маңыздылығына тоқталды.
«Инвестициялық ынтымақтастықты жақсарту, сауда-экономиклаық қарым-қатынастарды жандандыру мақсатында Қазақстан мен Қырғызстанның іскерлік кеңесін құру мүмкіншілігін талқыладық. Мұндай алаң біздің елдеріміздің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді, іскерлік серіктестікті күшейтеді. Кәсіпорындар арасындағы даулы сәттерді реттеуге септігін тигізеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қырғыз әріптесімен болған келіссөздер барысында су-энергетикалық ынтымақтастық, Аралды құтқару халықаралық қорының жұмысын жандандыру мәселелері де қозғалғанын айтты.
«Орталық Азияның трансшекаралық өзендерінің су қоры, біздің елдеріміздің арасындағы достық пен сенімді нығайтатын, барлық қатысушы елдердің мүддесі үшін кәдеге жарайтын ортақ байлық болуы тиістігін тағы да бір мәртте қуаттадық»,- деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында өңірлік, жаһандық күнтәртіптегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылып, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан ары жандару қажеттілігі аталып өтілген.
«Талқылау қажет болған барлық мәселелер талқыланды. Біздің қарым-қатынасымызға келешекте кедергі келтіруі мүмкін айтылмай қалған, қандай да бір жасырын мәселелер қалмады. Және осынау сенімге негізделген ашық ахуалда біз құрылатын комиссиялар мен топтар осы уағдаластықтардың әрбір тармағының орындалуын бақылауға алады деп мәмілеге келдік», - деді Елбасы.