Қазақ-Қытай экономикалық байланысы жаңа деңгейге көтерілді - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық алыс-беріс негізінен көрші мемлекеттің біздің еліміздің мұнай мен газ, металл сынды шикізаттық ресурстарын сатып алуымен ғана шектеліп келген болатын. Ендігі уақытта бұл байланыстар мүлдем жаңа деңгейге көтеріліп, тараптар Қазақстан жерінде бірлескен кәсіпорындар құру арқылы соңғы өнім шығаруға бағытталған нысандар салмақ. Мұндай келісімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай еліне жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген еді.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Бейжіңге сапары аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен, қытай іскер және қаржылық топтары өкілдерімен, сондай-ақ Қытайдың ең ірі үш компаниясы басшыларымен кездесті.

«Бұл сапарды Қазақстан-Қытай байланыстарындағы бетбұрысты кезең деп санаймын. Біз Қытаймен негізінен энергетика және ресурс өндіру салаларында 20 жылдан астам белсене ынтымақтасып келдік. Енді жаңа кезеңде экономиканың өңдеу, сонымен бірге машина жасау және ресурсты қайта өңдеу секторларындағы өзара іс-қимылды күшейтуге кірісеміз. Кеше ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен өткен сындарлы келіссөздер барысында 45 бірлескен нысан ашу жөнінде уағдаластық. Соның 25-і бойынша жалпы құны 23 миллиард доллардың келісіміне қол қойылды», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың іскер және қаржылық топтары өкілдерімен кездесуі барысында.

Сонымен Елбасы атап өткен жобалардың біріне сәйкес қытайлық «Цинхуа» (China Kingho Energy Group) корпорациясы Қарағанды облысында көмірді өңдеу және одан синтетикалық сұйық жанар-жағармай алатын өнеркәсіптік кәсіпорын салатын болады. Құны 2,6 млрд. долларға бағаланып отырған жобаны 2017-2020 жылдары жүзеге асыру жоспарлануда. Ал Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) Қазақстанның мұнай-газ индустриясы үшін Алматыда үлкен диаметрлі құбыр шығаратын зауыт, Астанада хореография мектебін салуға шешім қабылдады. Алматының индустриялық паркі аумағында салу жоспарланған алғашқы жобаның құны 150 млн. долларға бағалануда. Мұнан бөлек, Қытай мен Қазақстанның Даму банктері Алматы облысының Шелек ауылында жел энергетикалық құрылғысын салу құрылысына 120 млн. доллар көлемінде несие желісін ашатындығы да белгілі. Аталған құжат Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында 60 МВт-тық жел энергетикасы құрылғысын салу жобасын қаржыландыру тетіктерін регламенттейді. Құрылғы қуаты алдағы уақытта 300 МВТ-қа дейін арттырылатын болады. Зауыт құрылысын «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес компаниясы «Энергия Жетісу» ЖШС жүзеге асырады. Қаржының 85 млн. долларын Қытайдың Мемлекеттік даму банкі, ал 35 млн. долларын Қазақстанның даму банкі 15 жыл мерзімге несие ретінде бөледі. Bank of China-да «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ына Қазақстандағы индустриялық-инновациялық даму мақсаттарына шамамен 5 млрд. доллар бөлуге дайын.

Қорыта айтқанда, Елбасының бұл жолғы Аспан асты еліне мемлекеттік сапары барынша табысты деуге болады.

Қазақ ұланы ғарышқа аттанды

Осы аптада тағы бір қазақ ұланы ғарышқа аттанды. 2 қыркүйек күні Астана уақытымен 10 сағат 37 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан халықаралық ғарыш стансасына экспедицияның командирі ресейлік Сергей Волков, бортинженерлер - дат өкілі Андреас Могенсен және қазақстандық Айдын Айымбетов мінген «Союз ТМА-18М» кемесі ұшырылды. Айта кетерлігі, ғарышкер сапарға аттанар алдында БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берген болатын. Сол кезде Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа кішкентай қызы Даяна тіккен ойыншықты өзімен бірге ала кететінін айтты. Сонымен бірге қазақстандық ғарышкер ҚР мемлекеттік рәміздерін ала жүреді. «ҚР Конституциясының мерейтойына орай мемлекеттік ту мен Негізгі заң мәтінін ала кетемін», - деді ол.

Экипаж мүшелерімен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев та арнайы кездесіп, ҚР Президентінің және бүкіл Қазақстан халық атынан құттықтады.

«Союз ТМА-18М» кемесі бүгін Астана уақыты бойынша сағат 13.39-да Халықаралық ғарыш стансасымен ойдағыдай түйісті. Андреас Могенсен мен Айдын Айымбетов орбитада жұмыс жасап жатқан ресейлік ғарышкер Геннадий Падалкамен бірге Жерге 12 қыркүйекте оралады.

«Беске бір» келмеске кеткен тепе-теңдік

Күні кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстан Ресей рубліне қатысты «беске бір» тепе-теңдігіне таяу аралықтың ішінде қайта оралмайтындығын баса айтты. «Осыдан екі жыл бұрын болған дәл осы «беске бір» тепе-теңдігі (теңгенің ресейлік рубльге қатысты) болуы қажет деп санайтындықтарыңыз түсініксіз. Иә, бұл - тарихи тепе-теңдік Ресей мен Қазақстанда 1998 жылы құнсыздану орын алғаннан кейін сақталған болатын. Бірақ 90-шы жылдарда бізде мүлдем бөлек тепе-теңдік болған еді», - деді вице-министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Оның пайымынша, аталған тепе-теңдік қандай да бір негізделген немесе қатаң экономикалық алғышартты емес. Сондықтан да қазіргі уақытта екі елдің ұлттық валюталары арасында басқа тепе-теңдік бар. «Бесте бір» тепе-теңдігіне біздердің қайта оралуымыз мүмкін емес», - деп қосты ол.

Сонымен қатар ол елімізде бизнес-омбудсменнің өкілеттігі кеңейтілетіндігін мәлім етті. «Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы 5 институттық реформа жүргізу бастамасын жария етіп, «100 қадам» Ұлт жоспары қабылданған болатын. Аталған жоспары жүзеге асыруда кәсіпкерлердің мүддесін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту жөніндегі заңнамалық жоспарлар әзірленді. Мәжіліс қарауында жатқан бұл Заң бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесін арттыруды қарастырады», - деді Т.Жақсылықов.

Оның сөзіне қарағанда, бизнес-омбудсменге мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізу, сонымен қатар ведомстволық нормативтік-құқықтық актілерді тоқтату қызметі жүктеледі. «Яғни, егер мемлекеттік органдар әзірлетін нормативтік-құқықтық актілер бизнес-омбудсменнің пайымынша іскерлік ахуалдың нашаралуына немесе кәсіпкердің мүддесіне қайшы келетін болса, онда мұндай жағдайда бизнес-омбудсмен оларды тоқтату туралы ұсыныс енгізе алады. Бұған қоса, мемлекеттік органдардың ұстанымдарымен келіспеген жағдайда кәсіпкерлердің шағымын шешу мақсатында прокуратура органдарына қолдаухат жіберуге құқылы»,- деп қосты ол.

Жаңа Еңбек кодексі талқылануда

Бизнес қауымдастықтардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, республикалық және салалық кәсіподақтардың, еңбек заңы саласы ғалымдарының, Халықаралық еңбек ұйымы өкілдерінің және Дүниежүзілік банктің мүдделерін қорғайтын сарапшылардың қатысуымен әзірленген жаңа Еңбек кодексі осы аптада ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген болатын. Бүгінгі күні жаңа Кодекстің жаңа қырлары да белгілі бола бастады. Мәселен, жаңа редакцияланған Еңбек кодексiнде жұмысшыларды қысқартудың екi жағдайы көзделінгені белгілі болды. «Қазiргi заңнама бойынша жұмысшыларды қысқартудың бiр нормасы бар, бiрақ ол норма кәсiпорын қайта құрылса, кәсiпорынның жұмысы құлдыраса немесе керiсiнше жақсарса, қолданылмайтын норма. Сондықтан, бiз жаңа Кодекске сай жұмысшыны қысқартудың екi жағдайын анықтадық», - деген еді Мәжіліске келген Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова. Министрдiң айтуынша, жаңа редакцияланған Кодекс нормасына сай, ендi жұмыс берушi өз кәсiпорыны жабылып немесе қайта құрылған жағдайда және кәсiпорнындағы өнiмдiлiк көлемi азайып, экономикалық шығынға ұшыраса жұмысшыларын қысқарта алады. «Егер жұмысшы бiрiншi жағдай аясында қысқаруға ұшыраса жұмыс берушi оны алдын ала ескертiп, 1 айлық жалақы көлемiнде өтемақы төлейдi. Екiншi жағдайда жұмыс берушi 15 күн бұрын қағаз жүзiнде ескерту таратып, оған 2 айлық жалақы мөлшерiнде өтемақы төлеуi керек», - деп түсiндiрдi ол.

Ал айлап жұмысына келмей, еркіндікте жүрген жалқаулардың жолы кесілетінін Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму вице-министрi Бiржан Нұрымбетов айтып отыр. «Елiмiзде расымен қызметкер жұмысына айлап келмей қоятын жайттар кездескен. Ол адам ауырмай-сырқамай үйiнде жата бередi, тек жұмысына бармайды. Бұрынғы кодекс бойынша жұмыс берушi оны жұмыстан шығара алмайтын, себебi ол адамнан түсiнiктеме алуы керек. Қызметкер түсiнiктеме жазудан бас тартса, оны бас тарту актiсi ретiнде тiркеу керек. Сондықтан, бiз жаңа құжатта ол норманы алып тастадық», - деді ол.

Бензин бағасы шарықтады

Елдің құлағын елең еткізетін жаңалық бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың аузынан шықты. Сонымен бүгіннен бастап Үкімет бензин бағасын реттеп отырудан бас тартады. Яғни, АИ-92/93 маркалы бензиннің бағасын Үкімет реттемейтін болды. «Бүгін Үкіметтің отырысы өтті. Онда негізгі қаралған мәселе кейбір жанар-жағармайдың түрлеріне бағаны мемлекеттік реттеуден бас тартуға байланысты болды. Осы жөнінде Энергетика министрлігінің баяндамасы тыңдалып, соның есебінен Үкіметтің тиісті шешімі қабылданды», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін еліміз Ресей бензинін 1 рубльдің теңгеге 2,95 тепе-теңдігімен литрін 97 теңгеден алып келіп, республика нарығына 108 теңгемен шығарып келген. Ал қазіргі уақытта теңге бағамының еркін айналымға жіберілуіне байланысты рубль нығайып, ресейлік 1 литр 120 теңгеге шығып кетіп отыр. Міне, соның салдарынан мемлекет шығынға батуда. «Шығынмен ешкім де жұмыс істегісі келмейді. Егер осылай жалғасса, жақын арада, қыркүйектің аяғына қарай бензин тапшылығы туындайды», - деді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар ол 2017 жылға дейін еліміздегі Шымкент, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттары толығымен жаңғыртылатындығын, содан кейін республика нарығы толығымен отандық бензинмен қатмамасыз етілетіндігін зор сеніммен атап өтті.

Иә, осылайша, бензинің ең өтімді маркасы АИ-92-93 бағасын ендігі уақытта нарық өзі реттейтін болады. Бірақ, әзірше Үкімет мүшелерінің өзі оның 1 литрі қанша боларын дөп басып айта алар емес. Тек, долбарлап қана отыр. Мәселен, аталған баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник бензин бағасының 150 теңге деңгейінде қалыптасуы мүмкін екендігін әрі оның шамадан тыс көтеріліп кетпеуін монополияға қарсы заң жіті бақылауында ұстайтындығын айтып отыр. «Бүгінде мұнайдың баррелі 50 доллар, бағам - 240 теңге, бензиннің литрі -108 теңге, яғни бұл литріне 40 цент деңгейінде. Әрине, осындай бензинді алып келу мүмкін емес. Алайда, оның қай деңгейге дейін көтерілетіндігін ешкім де білмейді. Мүмкін литріне 140 немесе 150 теңге болуы мүмкін, сондай-ақ литріне 142-143 теңге деңгейінде қалыптасуы ықтимал», - деді министр.

Айта кетерлігі, Аи-80 маркалы бензин мен дизельдік отынға бағалар сақталатын болады. Өйткені, бұл жанармайдың елімізде жеткілікті қоры бар. Бұған қоса, отандық мұнай өңдеу зауыттары да оларды жеткілікті көлемде нарыққа шығаруда.