Ол аграрлық саладағы іскерлер тобын бастап келді. Сапар барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен Қытай Халық Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Хань Чанфудың екіжақты кездесуі және қазақ-қытай аграрлық инвестициялық форумы болып өтті.
Екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы саласы бойынша әріптестігі, әсіресе, ветеринария және органикалық өнімдер жөніндегі өзекті мәселелер, бірлескен инвестициялық жобаларды ұйымдастыру және жүзеге асыру жайы талқыланды. Инвестициялық форумды екі елдің ауыл шаруашылығы министрлері ашты. Аталған форумның жұмысына екі жақтан 100-ден аса бизнес, білім және ғылым өкілдері қатысты. А.Мырзахметов форумдағы сөзінде Қытай Халық Республикасы Қазақстанның жалпы экономикалық, оның ішінде агроөнеркәсіптік сала бойынша маңызды стратегиялық әріптесі екендігін атап көрсетті. Бұл салада екіжақты қатынас жыл өткен сайын өріс ала түсуде. Осы жолы бірнеше құжатқа қол қойылмақ. Олар екі ел арасындағы салалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде. Соның ішінде Қытай тарапының Қазақстаннан осы елге шығарылатын тауарларға қойылатын бірқатар фитосанитарлық шектеулерді алып тастауға ниет танытып отырғандығын айтуға болады.
Сондай-ақ Астанада Қазақстан-Қытай аграрлық-инвестициялық форумы өтті. Аталған басқосуға екі жақтың бизнес, білім беру және ғылым саласының 100-ден астам өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақстан-Қытай биологиялық қауіпсіздік зертханасының іргетасы қаланды. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Харбин ветеринарлық зерттеу институтының басшылары қатысты.
Аталған жоғары оқу орны Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылық университетімен бірлескен агротехникалық парк ашуға және қытайлық картоп өсіруші XISEN компаниясымен картоп өсіруге арналған тәжірибелік шаруашылық құруға келісім-шарт жасады. Зертханада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Харбин ветеринариялық зерттеу институты мен Шынжаң аграрлық университетіндегі әріптестерімен бірге жануарлар ауруы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Айтжан Әбдіровтің айтуынша, мұндай зерттеулер төрт түлік малды жаппай қырылудан сақтайды.
- Зертхана мамандары жануарлар мен құстар ауруының алдын алып, азық-түлік пен мал өнімдерінің зертханалық зерттеуін жүргізеді. Ол Қазақстандағы мал ауруларын диагностикалау мен алдын алу және азық-түлік өнімдерін сынау саласындағы жетекші мекемелердің бірі болуға тиісті. Сонда біз Қытай елімен шекаралас аймақтардың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қытайға шығарылатын ет экспортын ретке келтіреміз, - деді ол.
Ал Ма Ю Цай ғылым мен маман дайындау саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне алғыс білдірді.
Зертхана Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында бекітілген Келісімді және Қытай Ауыл шаруашылық ғылымдар академиясы, Шынжаң аграрлық университеті, Харбин ветеринариялық зерттеу институты мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумды іске асыру мақсатында құрылып отыр.