Қазақ-қытай шекарасындағы Майқапшағай кеден бекеті 2024 жылы жаңғыртылып бітеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан «Майқапшағай» кеден бекеті келесі жылға дейін қайта жаңғыртылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, аймақ басшысы Ермек Көшербаев Зайсан ауданына жұмыс сапары барысында Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен шекарасында орналасқан «Майқапшағай» кеден бекетіне барған.

Бұл - автомобиль және жүк-жолаушылар көлігін өткізетін халықаралық бекет.

«Бүгінгі күні жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары шекараға дейінгі алты жолақты жолды, тұрақ орындарын қамтитын болады. Мұның барлығы бекеттің кешенді түрде өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. ҚХР-мен тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Бұл бекет Қытай тарапына апаратын қақпа. Күн сайын кеден арқылы жүздеген көлік өтеді және бұл пандемиядан кейінгі тамаша көрсеткіш», - дейді облыс әкімі.

Ермек Көшербаев құрылысшылармен кездесті. Қазір мұнда 62 адам жұмыс істеуде.

Олар материалдарды жеткізуде қиындықтар барын айтты.

Енді облыс орталығынан емес, жақын маңдағы ірі елді мекендерден жеткізу мәселесі қарастырылады.