Айталық, спорттың ауыр атлетика, бокс, күрес сияқты түрлері ерекше физикалық дене күші мен психологиялық төзімділікті талап ететіні айдан анық. Бұл ауыр спортқа жігіттің жігіті ғана төзе алады. Бірақ, қазіргі таңда осындай ауыр спорт түрімен айналысып жүрген аруларды жиі кездестіреміз. Әлемдік спорт дамыған сайын спортпен тұрақты айналысып жүрген нәзік жандылардың қатары да жыл сайын артып келеді. Сол арулардың ішінде қазақ қыздарының да өзіндік орны бар. Өзге ұлттармен терезесін теңестіріп, Олимпиадаға қатысқан қазақ қыздары да жетерлік.
Бірақ, дәл бүгінге дейін қазақ спортының тарихында Олимпиада чемпионы мен жүлдегері болған қазақ қызы жоқ. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, дербес мемлекет ретінде бес рет қысқы, бес рет жазғы Олимпиада ойындарына қатыстық. Өкінішке қарай, қысқы спорттан да, жазғы спорт түрлерінен де әлі бірде-бір қазақ қызы Олимпиада жүлдесіне қол жеткізе алмай келеді.
Қысқы спорт түрлерінен бірінші кезекте конькиші аруымыз Кенжеш Сәрсекенованы атап өтуге тиіспіз. Ол 1994 жылы Лиллехаммердегі (Норвегия), 1998 жылы Наганодағы (Жапония) Олимпиада ойындарына қатысқан. Одан кейін де Олимпиада ойындарына қатысқан қыздарымыз баршылық. Шайбалы хоккейден Динара Диқанбаева Солт-Лейк-Ситиде, фристайлдан Жібек Арапбаева Ванкуверде ел намысын қорғады. Алайда, жеңіс тұғыры қазақ қыздарына алыстан қол бұлғады.
Сочи Олимпиадасында тарихта алғаш рет қазақ қызы қысқы олимпиада ойындарында алтылыққа енген болатын. Онда фристайлдың акробатика түрінен шымкенттік Жанбота Алдабергенова қазақ қыздарының ішінен тұңғыш болып қысқы олимпиадада жоғарғы орынды иеленді. Осыған дейін қазақ ұлтынан шыққан бірде-бір нәзік жанды спортшы Ақ Олимпиадада осындай жоғары орын иеленіп көрмеген. Ал жазғы һәм қысқы Олимпиаданы қоса алғанда, Жанбота Алдабергенова Әлия Жүсіповадан кейін үздік алтылыққа енген екінші нәзік жанды спортшы атанған болатын.
Ал жазғы спорт түрлерінен Олимпиада ойындарына қатысқан қазақ қыздарының саны қысқы спорт түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Солардың ішінде Олимпиада жүлдегері атанудан мүмкіндіктері мол болған көркем гимнасшы Әлия Жүсіпова мен мерген қызымыз Зәуреш Байбосынованы ерекше атап өтуге болады. Әлия Жүсіпова Бейжің Олимпиадасында бесінші орыннан көрінгенін жақсы білеміз. Соңғы екі Олимпиадада таэквондошы қыздарымыз да жүлде алмаса да өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Алайда әзірше қазақ қыздарының төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада бағы жанбай келеді.
2010 жылы тұңғыш рет Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында ауыр атлет аруымыз Жазира Жаппарқұл қазақ қыздарынан бірінші болып чемпион атанды. Бірақ, бұл жеткіншектер арасындағы дода болғандықтан көп жағдайда ескерусіз қалатыны анық. Алайда, Жазираның ересектер арасындағы додаларға қатысқанына да екі-үш жыл болып қалды. Осы аралықта ауыр атлетикадан қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Осыдан төрт жыл бұрын Лондонға жолы түспеген Жазира биыл Риоға жолдаманы жеңіп алған болатын. Жұрттың енді ол жеткіншек кездегі алтын жүлдесін ересектер додасында қайталаса екен деген бір ғана тілегі бар.
Биыл қазақ жұрты осы қарындасымыздан зор үміт күтіп отырғаны анық. Бірақ, қазақ қыздарынан тұңғыш Олимпиада чемпионы және жүлдегері қай спорт түрінен шығатынын алдағы уақыт көрсететін болады.
Десе де, қазақ спортының жанкүйерлері «қазақ қыздарынан Олимпиаданы бағындырып, ел тарихына өз есімін кім бірінші болып алтын әріптермен жазар екен» деген ой мазалап жүргені белгілі. Әлеуеті зор қыздарымыздың барлығын тізіп шықпасақ та, Жазира Жаппарқұл, Анна Нұрмұханбетова (ауыр атлетика), Гүлнафиз Айтмұхамбетова, Феруза Ергешова (таэквондо), Гүлжан Иссанова (дзюдо), Назым Қызайбай, Саида Хасенова, Дариға Шәкімова (бокс) бастаған халықаралық додаларда айрықша көзге түсіп жүрген аруларымыздың бар екенін естен шығаруға болмайды.
Ендеше, биылғы Рио Олимпиадасында бір қазақ қызы Олимпиаданы бағындырып, қазақ қыздарын күллі әлемге танытсын деп тілейік.
Осыған дейінгі Қазақстан қоржынына Олимпиада жүлдесін сыйлаған арулар:
Сидней олимпиадасы (2000)
Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) - алтын;
Бейжің олимпиадасы (2008)
Ирина Некрасова (ауыр атлетика, 63 келі), Анна Важенина (ауыр атлетика, 75 келі) - күміс;
Елена Шалыгина (әйелдер күрес, 63 келі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика, 75 келі) - қола,
Лондон олимпиадасы (2012)
Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика, 53 келі), Майя Манеза (ауыр атлетика, 63 келі), Светлана Подобедова (ауыр атлетика, 75 келі) - алтын;
Марина Вольнова (әйелдер боксы, 75 келі), Гүзель Манюрова (әйелдер күресі, 72 келі) - қола медаль.
Күнсұлтан Отарбай